Қаңтар оқиғасы: Алматы облысында 11 адам құрықталды
Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға қатысы бар деген күдікпен 11 адам Алматы облысында құрықталды. Арасында ұйымдасқан қылмыстық топқа мүше, 37 жастағы Сарқан ауданының тұрғыны бар.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
05.04.2022
Оларды Алматы облысының полицейлері Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерімен бірігіп бейберекетсіздік кезінде жазылған видеоларды қарау кезінде анықтапты.
Бейнежазбада біреуі полицейді таяқпен сабап жатса, енді бірі әскерилерді соққының астына алған. Оларға полиция департаменті мен облыстық әкімдік ғимаратын басып алып тәртіп сақшыларына күш көрсетті деген айып тағылып отыр. Ұсталғандардың көбі жұмыссыз. Олар Талдықорған қаласы мен оған іргелес аудардардан ұсталған. Күдіктілердің жасы 20-39 аралығында. Тінту кезінде 2 аңшы мылтығы, оқ өткізбейтін кеудеше мен оқ-дәрілер тәркіленді. Атыс құралын қалалық және облыстық полиция ғимаратын басып алу кезінде жымқырған көрінеді.
Елдар Әбдікенов, Алматы облысы ПД бастығының орынбасары:
- Жедел іздестіру шаралары кезінде сондай-ақ Сарқан ауданының 37 жастағы тұрғыны ұсталды. Тінткен кезде одан Макаров тапаншасы мен оқтары, 210 грамм гашиш, есірткі зат тәркіледі. Жоғарыда аталған заттарды заңсыз сақтағаны үшін күдіктіге қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!