СҚО: Биыл жөнделген мектептің төбесі опырылып ортасына түсті
Солтүстік Қазақстан облысында биыл жөндеу жасалған мектептің төбесі опырылып ортасына түсті. Тоқшын ауылындағы білім ошағының мәжіліс залы жарамсыз болып қалды. Бұл ғимарат осы оқу жылында ғана күрделі жөндеуден өтіпті. Арнайы құрылған комиссия апат салдарын тексеруге кірісті. Ал оқушылар биылғы оқу жылын үйде отырып аяқтайды.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
05.04.2022
Тоқшын мектеп-гимназиясы әп-сәтте құрылыс үйіндісіне айналды. Оқушылардың мәдени шара өткізетін мәжіліс залының сахнасын бетон қабырғалар мен кірпіштер басып қалған. Төтенше жағдай кешкі сағат алты шамасында болған. Мектепте бұл уақытта бірнеше қызметкер мен ұлттық тестіге дайындалып жүрген түлектер қалған екен. Бақытына қарай білім ошағы сол күннен бастап бір ауысыммен оқуға көшкен.
Күлшара Хамидуллина, Тоқшын мектеп-гимназиясының директоры:
- Аяқ астынан осылай болып қалды, апат болады деген күдігіміз де болған жоқ. Бізде кабинеттер жетпеген соң алғашқы ауысымның 6сынып оқушылары ағылшын сабағын осы залда оқыды. Сол кезде жоғарыдан балшық түскенін көріп, балаларды шығардық.
300-ге тарта оқушы білім алатын Тоқшын мектебінің ғимараты осыдан 60 жыл бұрын тұрғызылған. Ескі болса да нысанға жыл сайын жөндеу жасалып келген. Мынау шаңырағы ортасына түскен залдың шатыры биылғы оқу жылында жөнделіпті. Бірақ жыл өтпей осындай жағдай болып отыр. Шенеуніктер биыл да оқу жылы аяқталысымен күрделі жөндеуге қазынадан қыруар қаржы бөлінген.
Рүстем Исин, Аққайың ауданы білім бөлімінің басшысы:
- Жөндеу жұмыстарына абиыл 144 миллион теңге қаржы бөлініп, мамыр айында жоспарланып отыр.
- Мектептің осындай жағдайда тұрғанын білген бе едіңіз?
- Жоқ, білген жоқпыз.
Мектептің жағдайын білмеген басшыларға енді бұдан да көп қаражат іздеуге тура келеді. Бүгіннен бастап оқушылар қашықтан оқуға көшірілді.Шенділер пандемияда кезіндегі тәжірибені қолданамыз деп қояды.
Қазір арнайы құрылған комиссия апат салдарын тексеріп жатыр. Мамандар жаңа жөнделген шатырдың неден опырылып түскенін анықтайтын болады. Бұл жағдайды облыс прокуроры да қадағалауына алған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!