Қазақстан Азияда ең ішкіш елдер қатарына жатады
Арақ ішуден алда келеміз. Еліміз алкогольдік өнімдерге тәуелділлер мен спиртті ішімдікті тұтыну деңгейі жоғары мемлекеттер қатарына кіреді екен. Бұндай жаға ұстатар деректі денсаулық сақтау министрінің өзі мәлімдеді.
Автор: Салтанат Шырынхан
05.04.2022
Көптеген қылмыс, жол апаттары мен зорлық-зомбылық сынды қайғылы оқиғалардың көбісі осы ащы судын кесірінен болып жатқанын да жасырын емес. Наркодиспансерге түскендер санының артқаны да ведомство берген мәліметтің дәлеліндей.
Пандемиядан сақтану үшін ішімдік ішкен жұртшылық спиртты сусындарға деген әуестігін азайтпапты. Карантин кезінде өскен көрсеткіш көтерілмесе, төмендейтін түрі жоқ.
Бұған жылдан-жылға ащы су бағасының өсіп жатқаны да тосқауыл емес. Осылайша
денсаулық сақтау министрінің өзі еліміз спирттік өнімдерді тұтыну жағынан Азия өңірінде ең ішкіш елдер қатарына жататынын жариялады.
Ажар Ғиният, Денсаулық сақтау министрі:
- Осы зерттеулер бойынша жылына ер адамдар үшін алкогольді тұтыну деңгейі жылына 25 литрді, әйелдер үшін шамамен 9 литрді құрайды. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан алкогольдік ішімдіктерді тұтыну деңгейі жоғары елдерге жатады. Көп жағдайда халықтың жол-көлік оқиғалары, жарақаттар, зорлық-зомбылықтан болған өлім, улану, суға бату және т.б. сияқты сыртқы себептерден болатын өлім-жітім көрсеткіштері алкогольдік ішімдіктерді тұтынудың салдары болып отыр
Бұған қатысты отандық алкоголь өнімін өндірушілердің де өз айтары бар. Олар ащы суға қатысты сөз қозғалғанда дәл қай түрі екенін жіктеп қарауды сұрайды. Өйткені арақтың нарықтағы үлесі бар болғаны 19-20 пайызды ғана құраса, сыра 60 пайыздық көрсеткіште тұр.
Әміржан Қалиев, «КазАлко» Қазақстан алкоголь өнімін адал өндірушілер мен сатушылар қауымдастығының президенті:
- Араққа қатысты айтар болсақ, таза ішімдіктердің бағасы елімізде қымбат. Бұл жерде көленкелі бизнестің кесірінен адамдар зардап шегуде. Ол кәдімгі таза арақтан 30-40 пайыз төмен. Пандемия және дағдарыс кезінде осылайша арзан арақ ішкендер де жетерлік. Бұған қосасыра ең арзан спирттік сусын болып табылады. Ал арзанның сорпасы татымайтыны секілді, ол адам денсаулығына өте зиян.
Мәселен Алматыда бір ғана наркоорталықтың өзіне күн сайын 5-7 адамнан түсіп отырады екен. Сондай-ақ мұнда келетіндердің дені 30-40 жас аралығындағы ер-азаматтар. Олар күн сайын терапевт, невропатолог, психологтардың бақылауында болады. Ақ халаттылардың айтуынша, араққа әсіресе психикалық жағынан тәуелділік туындайды.
Роман Юрьев, Алматы қаласы психикалық денсаулық наркология орталығының бөлім меңгерушісі:
- Апта сайын 30-35 адам келеді. Қаралу уақыты емделушінің жағдайына байланысты. Негізінен екі аптадан көп уақытты қажет етеді. Алкоголизм — созылмалы ауру түрі. Бізге келіп емлелген соң толық жазылды деп айта алмаймыз. Ол адамның қалауына, мінез-құлқына, өмір сүру құлшынысына байланысты. Бізде 55 төсек-орын бар. Қазір оның барлығы толық.
Қазіргі жастардың көбісі салқын сыраға әуес екенін бармендер де растап отыр. Айтуларынша, спиртті өнімдерден арақ пен вискиге де сұраныс жоғары екен. Тіпті бір отырғанда бір ғана азаматтың өзі жарты литрге жуық ащы су тұтынады.
Кенен Нұртаза, бармен:
- Рамазан айында қонақтар сәл азайды. Біздің барға 30 жастан асқандар келеді. Арақ, сыра, виски ішеді. Күніне шамамен 60-70, 100 литр сыра кетеді. Ал виски мен арақтан 300 грамдай ішеді.
Осылайша мамандар алкоголизмді созылмалы ауруға жатқызып отыр. Яғни бұл сырқат түрінен айығу адамның өз еркіне байланысты дейді. Бұған қоса спиртті ішімдікке соңғы уақытта әйелдер қауымы да көптеп әуестеніп бара жатқанын айтады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!