Ақтөбеде қант қат тауарға айналған
Ақтөбеде қант қат тауарға айналған. Бағасы тағы қымбаттады. Өткен аптада ғана супермаркеттерде келісі 380 теңгеден сатылған шекерге 40 теңге қосылған. Соның өзінде шектеу бар. Бір адамға үш келіден артық сатылмайды.
Автор: Жаңалық Ахаш
06.04.2022
Дүкендегілер қант құны жазылған қағазды ауыстырып әлек. Енді келісі 420 теңгеден. Бағаны бақылауға міндетті шенеуніктер: «Бұрынғы құнымен сатып алынған қордағы шекер бітті», - деп отыр. Ал жаңа келген тәтті тауардың көтерме бағасы өскен. Сондықтан супермаркеттер де қымбаттатуға мәжбүр болыпты.
Шағын дүкендер қант сатуды мүлдем қойған. Қазір қалада небәрі үш-төрт жерде ғана құмшекер 363 теңгеден сатылуда – әкімдікке қарайтын әлеуметтік дүкендер. Бірақ онда қант үнемі бола бермейді. Тұрақтылық қорында қалған тауарды тек осында ғана әкеліп жатыр.
Тимур Биманов, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілі:
- Жұмыс барысында қант жеткізілмей қалатын кезі болады. Өйткені тапсырысты таңертең берсе, павильондарға сол күні апарып беруге тырысамыз. Бас пайдасын ойлап жаппай даурығу болмас үшін сатылатын шекерге шектеу қойып отырмыз. Бір қолға белгілі мөлшерден артық сатып ала алмайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!