ШҚО: Қарызға батқан директор жалақы төлемей қашып кеткен
Шығыс Қазақстан облысында зауыт жұмысшылары жаппай наразылыққа шықты. 100-ден астам азамат екі жылдан бері еңбекақысын даулап жүр. Улы газға қарсы бетперде шығаратын кәсіпорын жабылып, жұмысшылары жер сипап қалған. Ал ізім-ғайым жоғалған зауыт директорын құзырлы орындардың өзі таба алмай әлек.
Автор: Ұлан Нұрахмет
06.04.2022
Еліміздегі газға қарсы бетперде шығаратын жалғыз зауыт 2020 жылы жабылып қалған. Қарызға белшесінен батқан директор, қызметкерлеріне соқыр тиын ұстапастан ізім-қайым жоғалған. Құзырлы орындар оған екі жылдан бері іздеу салғанымен нәтиже жоқ. Сондықтан еңбек ақыларын даулаған жұмысшылар маңдай тердің өтеуін атқамінерлерден талап етуде.
Елена Зиновьева:
- Мен зауытта төртінші дәрежелі дәнекерлеуші болып жұмыс істедім. Аяқ астынан жалақымызды бермей жабылып қалды. Қазір сатушы болып жұмыс істеп күн көріп жүрмін. Дегенмен алынбай қалған ақшамды тауып берсін. Ешкім тегін еңбек етпейді ғой.
Кәсіпорында жұмыс істеген 105 азамат жер сипап қалған. Қашқын директор оларға 27 миллион теңге берешек. Алғашында бұл қаржыны жауаптылар жұртқа компания басшысының мүлкін тәркілеп жалақыларын өтеп бермек болған екен. Әйтсе де олардың зауытты саудаға салмақ болған ойы жүзеге аспай қалды.
Бақытбек Қизатов, ШҚО Мемлекеттік еңбек испекциясының басқарма басшысы:
- Мүлкін тәркілеуге көшкен кезде ол зауытты жалға алғаны анықталды. Біздің тарапымыздан ішкі істер департаментіне хат жіберілді. Қылмыстық іс қозғалып, оның нәтижесінде басшы әлі күнге дейін іздестірілуде. Сондайақ былтыр жылы зауыттың мүлкі коммуналдық меншікке берілді.
Дегенмен мамандар жалақы дауына нүкте қоятын күн алыс емес екенін жеткізді. Қазір олар зауытқа жаңа инвестор іздестіріп жатқан көрінеді. Ол табылған жағдайда бірден бұрынғы жұмысшылардың қарызын төлетіп береміз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!