Еліміздің үш өңірінде әкім ауысты
Еліміздің үш өңірінде әкім ауысты. Президент Жарлығымен Жамбыл облысының басшысы Бердібек Сапарбаев қызметінен босатылып, оның орнына Нұржан Нұржігітов тағайындалды. 69 жастағы Бердібек Мәшбекұлы Әулиета өңірін екі жыл басқарды.
Автор: Руслан Әбдіхалық
07.04.2022
Бердібек Сапарбаев бұған дейін бес облыста басшы болып, бірнеше министрліктің тізгінін ұстаған.
Ал күтпеген жерден тағайындалған Нұржан Молдиярұлы бұған дейін екі басқарманы басқарып, аудан әкімі де болған. Соңғы қызметі облыс әкімінің орынбасары еді. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың орнын Бердібек Сапарбаевтың інісі Нұрлыбек Нәлібаев алмастырды. 46 жастағы шенеунік бұған дейін Қызылорда қаласының әкімі, облыс әкімі аппаратының жетекшісі, аудан әкімі және Премьер министр кеңсесінің өңірлік даму бөлім меңгерушісі сынды лауазымды қызметте болған.
Атырау облысын үш жыл басқарған Махамбет Досмұғамбетов те бүгін жылы орнымен қоштасты. Мұнайлы өлкені енді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған 43 жастағы Серік Шәпкенов басқарады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!