Талғарда ірі базар өртеніп, 200 саудагер шығынға батты
Алматы облысындағы ең ірі базар өртенді. Тілсіз жау Талғар қаласындағы сауда орталығының мыңға жуық шаршы метр аумағын жалмаған. Күлге айналған тауарлардың басым бөлігі ойыншық пен киім-кешек. «Шығынға баттық» деп шырылдаған 200-ден астам саудагер өрттің жылдам таралуына күзетшілердің салғырттығы себеп болды дейді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
07.04.2022
Табыс көзінен бір сәтте айрылған кәсіпкерлер: «Тәтті ұйқыда жатқан күзетшілер от тұтанғанын көрмей, құтқарушыларды тым кеш шақырды» деп ұлардай шулады. Ал базар әкімшілігі мұны жоққа шығарып отыр.
Таңмен таласа оянған Венера Әбдіжаппарқызы отқа оранған базарға алып-ұшып жеткен. Саудагер тауарларының түгі қалмай жанып кеткеніне көз жеткізбейінше, жүрегім тыншымайды дейді. Көпбалалы ананың көңілі алаң-елең.
Венера Әбдіжаппарқызы, саудагер:
- Осымен күн көріп отырғанбыз. Енді бізге қалай көмек болады? Айта алмаймын. Әйелдердің киімкешегін сатамын. Табысыммен қыздарымның оқуын төлеп, балашағамның тамағын, пәтерақы төлеп, қанағатпен өмір сүріп келе жатыр едік. Бір сәтте жоқ болды. Түс көргендей болып отырмын. Естіген кезде орнымнан тұра алмай қалдым.
Венера сынды 200-ден астам сатушы қып-қызыл шығынға батқан. Салы суға кеткен кәсіпкерлер өрттің өршуіне күзетшілерді кінәлады. Талғар қаласындағы ең ірі әмбебап базар отқа оранды деген хабар төтеншеліктерге түнгі сағат екіде айтылыпты. Құтқарушылар лапылдаған жалын күшіне мініп дес бермей тұрғанда жеткен. Қою қара түтінді кездейсоқ көріп қалған тұрғындар қалың ұйқыда жатқан базардың күзетшілерін әрең оятқан. «Өрт сөндірушілер де тым кеш келді», - дейді шағымданушылар.
Қарлығаш Қабашева, саудагер:
- Күзетші ұйықтап жатқан дейді. Күзетшілерді мына көрші балалар оятқан. Түтінді көріп, тоқылдатып мынаның үстінен секіріп оятқан. Несие де бар. Пайызға алған да бар. Сатылатынын бар. Біз 30 жыл әрең өмір сүрдік. Енді, міне, жиғантергенімізден айырылдық. Шығыным көп, шамамен 10 миллион. Мен ерлердің де, әйелдердің де киімін сатамын.
Өрт базардағы бес қатарды күлге айналдырыпты. Бұл жерде киім-кешек пен ойыншықтар сатылған. Сауда орнының әкімшілігінің айтуынша от ортаңғы қатардан тұтанған. Қызыл жалын жан-жаққа таралып, бірнеше сағатта 900 шаршы метрді шарпып үлгерген.
Құтқарушылар аяқ киім мен шаруаға қажет тауарлар сатылатын жерді ғана оттан аман алып қалған. Күл-қоқысқа айналған базардың ішіне саудагерлер түс ауа бір-ақ кіріп, қорқынышты көрініске куә болды. Базар әкімшісі тауарсыз қалған саудагерлерге «өтемақы төлеп беруге тырысамыз» деп сабырға шақырды. Ал барлығы жабыла жамандаған күзетшілерге шаң жуытпады.
Бақтияр Мұқашев, базар әкімшісі:
- Ешкім ұйықтаған жоқ. Оны әлі дәлелдеу керек. Күзетшілер мас болды деген әңгіме де бар. Олар сау. Сараптама жасалды. Өтемақыны ойластырып жатырмыз. Нақты ештеңе айта алмаймыз. Біз де шығындамыз. Тоқтардың барлығы жаңа. Базар жаңартылған. Өртке қарсы қауіпсіздік шаралары жасалған. Енді сараптаманы күтіп отырмыз.
Дегенмен төтенше жағдайлар департаменті 2012 жылға дейін мұнда өрт қауіпсіздігіне қатысты бірқатар талаптың бұзылғанын мәлімдеді. Кейін бизнес нысаны мораторийге байланысты тексерілмеген екен. Қазір шығын көлемі мен өрт шығу себебі анықталып жатырн.
Жалпы Талғар ауданындағы орталық базарда сауда жасайтындардың дені – көпбалалы және жалғызбасты аналар. Табыс көзінен айрылған олар базар басшылығына өтемақы төленсін деген талап қойды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!