Пойызда келе жатқан азаматтан қауіпті ауру – күйдіргі анықталды
Көкшетауда аса қауіпті инфекциялық ауруға жататын күйдіргі табылды. Түркістаннан Бурабайға келе жатқан 26 жастағы азаматтың пойызда денсаулығы сыр берген. Тексеру кезінде науқастан күйдіргі анықталды.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
07.04.2022
Науқас келіншегімен шипажайға демалуға келіпті. Көкшетауға таяп қалғанда аяқ астынан қызуы көтеріліп, денесі бөртіп кеткен. Жедел жәрдем дәрігерлері оның бойынан күйдіргінің белгілерін байқап, бірден инфекциялық ауруханаға жеткізіпті.
Қазір науқас коронавирус індетінен бірде-бір науқас қалмаған модуль орталықта жалғыз өзі емделіп жатыр.Келіншегі де бақылауға алынды. Азамат наурыз айында еттен кәуәп жасаған екен. Кәуәпті бірге жеген әпкесінен үш күн бұрын аталмыш дерт табылыпты. Соған қарамастан жолға шыққан жігіт Көкшетауға бір вагон адаммен бірге келген.
Айнагүл Мусина, Ақмола облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің басшысы:
- Санитарлық қызмет теміржолда қажет кешенді эпидемиология шараларын жүргізді. Науқас отырған вагонда 20 адам болған. Барлығының тізімі алынып, тұратын мекенжайыындағы медициналық мекемелерге берілді. Қазір Сібір жарасын жұқтырған азаматтың жағдайы қалыпты, емделіп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!