Елордада көпқабатты үй тұрғындары үреймен күн кешіп отыр
«Баспанамыз басымызға құлай ма деп қорқамыз». Елордада көпқабатты үйдің тұрғындары үреймен күн кешіп отыр. Іргедегі саябақ салынуы керек болған аймаққа құрылыс компаниясы зәулім үй тұрғызуды бастап кеткен.
Автор: Елдос Есенбол
07.04.2022
Соның салдарынан баспананың қабырғасы жарыла бастапты. Айнала қазылған ор-шұңқырға балаларымыз құлап, жазым бола деп те алаңдайды. Ал арыз-шағымын айта барған азаматтарға мердігер: «Мөр басылған рұқсатымыз бар, құрылыс тоқтамайды» - деп қысқа қайырған.
Бір қарағанда хан сарайындай көрінетін үй тұрғындарынан бүгінде маза кеткен. Зәулім үйдің жары жарылып, төбесі тесіліп жатыр. «Бұлайша қабырғамыз қақырай берсе, көп ұзамай үйіміз опырылып, үйінді астында қаламыз ба» деп шошиды. Бірнеше рет сылақ жапсырып қарекет қылғанмен қайран болмаған. «Бәріне кінәлі – қарға адым жерде жүріп жатқан құрылыс», - дейді тұрғындар. Алып көліктер ерсілі-қарсылы жүргенде жер сілкінгендей болады екен. Әу баста демалатын саябақ болады деген аймаққа бірнеше ай бұрын көпқабатты үй құрылысы басталып кеткен.
Зәуре Ибрагимова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Бұл жерде не бар? Үйлер бар, мынадай лай бар, батпақ бар. Бұл жерде көпбалалы аналар бар, мүгедектер бар, зейнеткерлер бар. Мен дәрігер болып істеймін. Зейнеткерлер, кішкентай балалар бар. Күнітүні құрылыс жүріп жатыр. Жазда – шаң-тозаң. Сонда денсаулықты кім ойлайды?
Тұрғындар екі көлік қатар келсе, біреуі екіншісіне жол беретін тар жерге көпқабатты үй салуға қалай рұқсат берілгенін түсінбейді. Бірақ оған қарап тұрған мердігер жоқ. Айналаны темір-терсекпен қоршап, құрылысты қыздырып жатыр.
Аядай ғана аймақта тығылысып күн кешіп жатырмыз деген тұрғындардың тағы бір базынасы дәл осы жолдың жайы. Үлкені жұмысқа, кішісі мектепке асыққан тұрғындар жаңбыр жауса, қар түссе ми батпаққа айналатын осындай жолмен жүруге мәжбүр.
Сейіт Шәкір, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Кәрі кісілеріміз бір жерге көліксіз шыға алмайды. Такси шақырсаң, келмейді. Осы бетті бүкіл жауып қойған. Неге? Бүгін әкім мында тыңдап келді. Бірақ арғы бетті кеткеннен кейін жауып тастады. Кімге жазсақ, кімге айтсақ, ешкім қарамайды. Білмеймін, неге қарамайды? Оны мен айта алмаймын.
«Құжатымыз сақадай-сай, заң алдында тазамыз» деген мердігер компания құрылысты тоқтатқысы жоқ. Қабырғасы қақыраған көрші үйге қатысты да өз ұстанымы бар. «Біреудің қисық қаққан шегесіне біз жауапты емеспіз» деп отыр.
Ерікболат Қабылда, «Құрылысшы LTD» ЖШС жоба жетекшісі:
- Е49 көшесінде орналасқан тоғызыншы мекенжай жекеменшік нысан. Сатып алынған, қолымызда 2019 жылы берілген мемлекеттік акті бар. Меншік иесі ретінде 2021 жылдың қарашасында бұл жерді мемлекеттік және экологиялық тексерістен өткіздік. Нұр-Сұлтан қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының рұқсат алдық. Бізде барлығы заңды. Қүрылысты тоқтатпаймыз.
Әкімдіктегілер басынан бұл аймақта көпқабатты үй салынуы керек болған деп отыр. Ешқандай саябақ көрсетілмеген. Оның үстіне жер уческесі 2013 жылы жекеменшікке өтіп кетіпті.
Нұрәділ Ғалымжан, Есіл ауданы жоспарлау бөлімінің басшысы:
- Негізі бас жоспарда осы аумақтың бәрі тұрғын үйлер салынады деп көзделген. Осы жер учаскесін мемлекеттен жекеменшікке 2013 жылы сатып алған. Және де құнын 2019 жылға дейін бөліп төлеген. Кейін 2019 жылы құнын толық төлегеннен кейін жекеменшікке аударып алған.
Осылай деген әкімдік өкілдері биыл наурыз айында аталған аумақтың бес гектарын абаттандыру туралы құжатқа қол қойыпты. Яғни бәрі дер кезінде жүзеге асырылса, жол да, саябақ та болады деп сендірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!