Сарапшылар: Мопед көлік ретінде тіркеліп, мемнөмір берілу керек
Мопед толық көлік құралы ретінде тіркеліп, мемлекеттік нөмір берілуі керек. Бұл бастаманы сарапшылар да, мопед жүргізушілері де көтеріп отыр. Өйткені мопедті елімізде ойқастап айдайтындардың қатысуымен жол апаты жиілеген.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
08.04.2022
Мәселен, күні кеше Алматыда тамақ таситын мопед жүргізушісі жол жиегіндегі көлікке барып соғылған. Ішкі істер министрі жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан асатын көлік құралдары ғана тіркеліп мемлекеттік құжат беріледі деп отыр.
Жол апатына себепкер болатын мопедистердің басым көпшілігі жол ережесін елемей, қос дөңгелекті ойқастап айдайды. Кеше Алматыдағы Шығыс айналма жолында мопедпен тамақ таситын жүргізуші жол жиегінде тоқтап тұрған көлікке соғылған. Соққыдан қос дөңгелектің иесі жолға қарай ұшып кетіп, көліктің астына түсе жаздапты. Енді ішкі істер министрі мопедке арналған бір қатар ережелер ензілігенін айтады.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Қазір мопед айдауға жүргізуші куәлігі қажет емес. Бірақ мопедтің жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан асатын болса, бұл көлік құралы ресми тіркеледі. Және А1 санатымен жүргізуші куәлігі қажет болады. Жол қозғалысы ережелеріне байланысты мопедтер велосипед жолымен жүруі керек. Егер олар болмаса, көлік жолының оң жақ шетімен немесе маршрут көлік құралдарына арналған жолақпен жүреді.
Алайда сарапшылар сағатына 50 шақырымнан асыратын жылдамдықтың өзі қауіпті деп есептейді. Өйткені құжаты жоқ мопедтің сәйкес нөмірі де болмайды. Егер көлік апаты болған жағдайда мопед тізгіндегенді табу өте қиын. Сондықтан көбіне олар жазасыз қалады дейді.
Эдуард Эдоков, Тәуелсіз автомобилистер одағының төрағасы:
- Аяқжолмен жүретін мопедтер өте қауіпті. Өйткені жаяу жүргіншінің жылдамдығы сағатына бес шақырым. Ал мопедтің жылдамдығы сағатына 50 шақырым болуы мүмкін. Мұндай жылдамдықта үлкенді де, кішіні де соқса, салдары сұмдық болады. Полицейлер бұларды тоқтатып жатқанын ешқашан көрмептім.
Он жылдан астам мопед айдап жүрген Жеңіс Орыналиев та осы уақытқа дейін үш рет жол апатына түскен. Енді ол қос дөңгелекті тұлпарын ресми тіркей алмай жүр. Өйткені көлігінің қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрге жетпейді. Ал жол апатына ұшырап, зардап шексе, оған ешбір сақтандыру компаниясы шығын өтеп бермейтін көрінеді.
Жеңіс Орыналиев, мопед жүргізушісі:
- Бізді кәдімгідей көлік ретінде қабылдаса дұрыс болатын еді. Өткенде мопед жүргізушілерімен жиын өткізгенде Алматының бүкіл басқаруы келді. Сол кезде Ресей оны қабылдап қойды дейді. Көлік құралы ретінде тіркеуге алынады деген. Бізде ол қабылданған жоқ дейді. Енді ол қабылданып жатыр деп түсіндірген.
Алайда ішкі істер министрі мопедке қатысты ереженің енгізілгенін айтса да, қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын қос дөңгелектер туралы өзгерту қарастырылып жатқан жоқ дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!