Депутаттар: Білім ұйымдарында күмәнді істер көбейген
Мектепке дейін қосымша білім беретін орталықтардан мораторийді алып тастау керек. Елордадағы инклюзив балабақшадағы былықтан кейін Мәжіліс депутаттары осы мәселені көтермекші. Олар мемлекет жариялаған мораторийден соң білім ұйымдарында күмәнді істер көбейгенін алға тартып отыр.
Автор: Әзиза Төленби
08.04.2022
Жұлдыз Сүлейменова, Мәжіліс депутаты:
- Жекеменшік қаншама орталық дұрыс тіркелмей жұмыс жүргізіп отырғаны, қаншама құқық бұзғаны, қаншама мекеме баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп отырғаны туралы бізде мәлімет жоқ. Және бір нәрсені атап өту керек. Бірдебір мемлекеттік орган осыны нақты реттеп, бақылау жауапкершілігін алмаған. Сондықтан осы мәселеге назар аударуымыз қажет.
Жарымжан балаларға зәбір көрсеткен видео тараған соң бір топ ата-ана депутаттарға хат жазған. Балаларының өміріне алаңдаған аналар таяқпен тәрбиелеуді тыюды сұрапты.
Істің мән-жайымен өздері таныспақ болған депутаттар бүгін атышулы балабақшаға барып еді. Сөйтсе, шудан кейін мекеме жабылып қалған. Денсаулығында кінәраты бар 60 бала мен он екі тәрбиешінің қайда кеткені белгісіз. Оның үстіне балабақша қосымша білім беру орталығы болып тіркеліп, ауру балаларды бағумен айналысқаны да күдік туғызады дейді мәжілісмендер. Олардың сұрағына Байқоңыр аудандық полиция басқармасы толық жауап бермесе де, үш күн ішінде жиналған ақпаратпен таныстырды.
Мәди Байғабылов, Байқоңыр ауданы полиция басқармасы бастығының орынбасары:
- Қазір балабақша қожайынының шешімімен аталмыш мекеме тергеу аяқталғанша жұмысын тоқтатты. Аталған факті бойынша 140шы, яғни "кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Видеодағы барлық адамның атыжөні анықталды, жауап алып жатырмыз. Іс аяқталмайынша, олардың қандай түсініктеме бергенін айта алмаймын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!