Қаңтар оқиғасы: Қаза тапқан бейбіт тұрғындар мен жапа шеккендерге көмек көрсетілуде
Қаңтар оқиғасында кездейсоқ қаза тапқан бейбіт тұрғындар мен жапа шеккендерге қаржылай көмек көрсетіліп жатыр. Мәселен, бейберекетсіздік кезінде аяқ-қолы сынып басы жарылған полицейге 3 миллион теңге аударылған.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
11.04.2022
Ал қапыда оқ тиіп төрт жасар қызынан айырылған отбасыға 7 миллион берілді. Бұл сома «Қазақстан халқына» қорына жиналған қаражаттан алынған.
Бейберекетсіздік басталған күні Арман Байысбаев әріптестерімен бірге Алматыдағы полиция ғимаратын қорғауға шыққан. Алайда тәртіп сақшылар ашулы топқа тойтарыс бере алмай, соққының астында қалыпты. Қабырғасы сынып басынан тепкі алған инспектор есінен танып қалады. Ауруханада жатып шықққанымен, әлі күнге дейін үйінде ем қабылдауда. Қаңтардан бері жұмысқа да шықпаған.
Арман Байысбаев, ПД патруль полиция полкінің инспекторы:
- Ішінен біреу шықты, бүлікшілердің арасынан. «Ұрмаңдар, болды, жетеді, қазақтың баласы ғой» деп шетке алып, ақырындап жетектеп апарды. «Бауырым, кет осы жерден, қайт» деп. Сөйтіп ауруханаға түстік. Бас жарылды, екі қабырға сынды. Травматологқа түстік қой. Аяққол сынды. «Қазақстан халқына» қоры көмектесіп, 3 миллиондай түсірді. Оның алдында әкімдіктен 1 миллиондай берді. Денсаулығыма байланысты. Рақмет!
Бүлік кезінде Динара Әбдімованың төрт бірдей баласы отырған көлік оқ астында қалған. Төрт жасар кіші қызының дәл маңдайына оқ тиіп өлген. Ал жамбасынан кеудесіне дейін жеті оқ тиген үлкен қызына үш рет ота жасалып аман қалса, сұмдықты өз көзімен көрген екі ұлы қазір психологтың бақылауында. Бұл отбасына Қоғамдық қор мен еріктілерден көмек көрсетіліп жатқанымен, қайғының орны толмасы анық.
Динара Әбдімова, марқұмның анасы:
- 7қаңтарда балаларым оққа ұшырады. Кішкентай қызымның маңдайына оқ тиіп, тіл тартпай кетті. Ал үлкен қызыма бірнеше жерден оқ тиді. Үш рет ота жасалды. Көмектескен адамдарға көп рақметімді айтамын. «Қазақстан халқына» қорына рақметімді айтамын.
«Қазақстан халқына» қорының мүшелері бейберекетсіздік кезінде зардап шегіп, қордан қаржылай көмек алған отбасылардың жағдайын көріп шықты. Осы уақытқа дейін 133 адамға 500 миллион теңгеге жуық қаражат аударылған. Оның ішінде кездейсоқ оқ тиіп қайтыс болғандар, әскерилер мен тәртіп сақшылары да бар. Десе де Қордың қамқоршылық кеңесінің мүшесі кейбір адамдар көмектің толық жеткеніне күдікпен қарайды дейді.
Ирина Смирнова, Мәжіліс депутаты:
- Мен Қоғамдық қордың қамқоршылық кеңесінің мүшесі ретінде, көмек алған бірнеше отбасыны кері байланыс алу мақсатында араладық. Өзге де қандай мәселе бар екенін, қалжағдайын білу үшін келіп отырмыз. Өйткені қазір кейбір адамдар зардап шеккендерге жәрдем берілмеді деп ойлайды. Шын мәнінде көмектің қажет кезде толық көрсетілгеніне көзіміз жетті. Зардап шеккен отбасылардың өмірі қалпына келуі үшін жұмысты жалғастыруымыз керек.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қаңтардағы қақтығыста қаза тапқан әскерилер, ұлттық қауіпсіздік комитеті, полицейлер мен азаматтық тұлғалардың отбасына 7 миллион теңгеден, ал жапа шеккендерге 3 миллион теңге мөлшерінде қаржылай көмек беру бекітілген. Алайда Қор жәрдемді тек тергеу аяқталғаннан кейін ғана тиісті тізіммен қарастырады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!