АҚШ долларын сату мен сатып алудағы айырмашылығы бекітілді
Ұлттық банк айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шегін кеңейтті. Енді келесі жылдың 1- қаңтарына дейін АҚШ долларын сату мен сатып алудағы айырмашылығы 15 теңге болса, еуро 20 теңге болып бекітілді.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
12.04.2022
Бұл валютаны алып сатумен айналысатындардың жұмысын шектеу үшін жасалған қадам. Әзірге ақша айырбастау пункттері маңдайшасына валюта бағамының сату мен сатып алу құны арасында ауытқу шегі сол 5-6 теңге төңірегінде.
Ұлттық банк қаулысы кешеден бастап қолданысқа енгізілді. Енді доллар мен ероуны сату, сатып алу бағасы арасындағы дәліз 15 теңгеге дейін өзгерді. Белгіленген шектеулер ақша айырбастау орындарына пайда әкелмесе, шығынға батыра қоймайтыны анық.
ҚР Ұлттық банкі:
- Құжатпен уәкілетті банктер мен уәкілетті ұйымдардың айырбастау пунктері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша қолмақол шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шегінің рұқсат етілетін мәндері бекітілді. Шетел валютасын теңгеге сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқуының белгіленген шек мөлшері 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданылу мерзімімен АҚШ доллары үшін 15 теңге, еуро үшін 20 теңге.
Ұлттық банктің шешімінен кейін ақша айырбастау орындарында шетелдік валюта бағамы құбылып тұр. Сәуір айының басынан бері теңге бағамы нығаюын жалғастырып келеді,. Халықтың шетел валютасына сұранысының төмендеуінен доллар 449-450 деңгейінде саудаланып жатыр. Нарықтағы жағдай осылайша біршама тұрақталғандықтан ақша айырбастау пункттері сату мен сатып алу арасындағы ауытқушылықты өзгертуге асықпай отыр.
Аршын Ғалымбаев, Қазақстан ақша айырбастау пункттері қауымдастығының төрағасы:
- 15 теңге деген айырмашылық, бізде ондай болмайды, ешқашан болмаған. Бірақ қазір кішкене тапшылық болғанда немесе айырбастау пункттерінде доллар қалмағанда, сол айырмашылықты кішкене көтереміз. Шамамен 89 теңге қоямыз, айырбастау пункттерінде.
Сарапшылардың пікірінше пандемия мен геосаяси жағдайларға байланысты әлем бойынша инфляция өсіп жатыр. Кез келген мемлекет осы қиын-қыстаудан шығатын амалды өзінше ойлап табуда. Мәселен, АҚШ өз валютасын күннен-күнге қымбаттатуда. Сәйкесінше біздің еліміз де долларды тұрақтандырып, теңге бағамын нығайту үшін осындай шешімге тоқталды деп отыр. Әрі нарықтық бағадан алыпсатарларды ығыстыру үшін енгізілген шара дейді.
Әкімжан Арупов, экономист:
- Бұл алыпсатарларды қорқыту үшін, әрі нарыққа субьективті дүрбелең әсер етпес үшін енгізілген қосымша шара. Яғни еркін нарықта жұмыс істегісі келетін алыпсатарлар шетелдік валюта арасындағы айырмашылық үлкен болған кезде “Тәуекелге бару керек пе?” деп, бірнеше рет ойланатын болады.
Сондай-ақ алыпсатарларды нарықтан ысыру мақсатында Қазақстаннан 10 мың доллардан асатын қолма-қол шетел валютасын әкетуге шектеулер енгізілген. Сондықтан наурыз айындағыдай шетел валютасының тапшылығы болмауға тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!