Нөсер селі елдімекендерді шайып кете жаздады – Жамбыл облысы
Нөсер жауыннан Жамбыл облысындағы бірнеше ауыл тұрғындары тағы да түнімен көз ілмей шықты. Тұрар Рысқұлов ауданындағы таулы аймақтарда бірнеше сағат бойы тоқтаусыз жауған жауыннан сел жүріп, елдімекендерді шайып кете жаздаған.
Автор: Руслан Әбдіхалық
14.04.2022
Судан болған алғашқы соққыны Өрнек ауылы қабылдады. Бұқараның бірлігінің арқасында тасқынға тойтарыс берілді. Түн жарымда ұйқыдан тұрған халық кетпен-күрек алып, тіпті кейбірі ауыр техникаға отырып суды бөгеп әуреге түсті. Таудан өзек қуалай келген топан су арнасынан тасып, үйлерге қауіп төндірген.
Соңғы дерекке сүйенсек, екі ауылға тиесілі бес көпірді су шайып тас-талқанын шығарған. Көлік қатынасы қиындап, жұрт айналма жолмен жүруге мәжбүр болды. Ал шенеуніктер қазір лай су тартылып, жағдай тұрақталды деп отыр.
Ерғазы Еспенов, Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары:
- Сәлімбай ауылындағы көпір қалпына келтірілді. Қазір Өрнек ауылындағы көпір қалпына келтіріліп жатыр. Жарлысу ауылында бір үйдің, Көкдөненде бір үйдің ауласына, Ақыртөбе аулында төрт үйдің ауласына су кірген. Үйлерге зақым келген жоқ. Мал, адам шығыны болған жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!