{metadescription}
Шымкентте лицензиясы жоқ клиниканы стационар ретінде пайдаланған
Шымкентте лицензиясы жоқ клиниканы стационар ретінде пайдаланған

Шымкентте лицензиясы жоқ клиниканы стационар ретінде пайдаланған

Шымкентте пандемия кезінде індетпен күрескен дәрігерлер былтырғы жалақысы мен үстемақыны әлі ала алмай жүр. Себебі: қаладағы денсаулық сақтау басқармасының басшысы лицензиясы жоқ клиниканы стационар ретінде пайдаланған.

Алғашында уәдені үйіп-төккен басшылар індет беті қайтқанда емхананы жауып, ондағы 73 жұмысшыға көк тиын бермеген. Ненеуніктердің уәдесіне сенген дәрігерлер еңбекақыдан қағылдық деп отыр. Ал Шымкенттің бас дәрігері ақ халаттылардың ақшасыз жүргенін «бұған дейін білмеппін» дейді. Сондықтан бұл мәселемен енді өзім айналысамын деп уәде берді.

Пандемия кезінде коронавируспен күрескен дәрігерлер тоғыз айдан бері еңбекақы ала алмай жүр. Адал ақшасын даулағандар талай табалдырықты тоздырыпты. Одан еш нәтиже болмаған соң кезекті рет қалалық денсаулық басқармасына келді. Індетпен күрескендерге үйдей уәде бергендер енді соқыр тиын ұстатпай қашып жүр дейді.

Ұлзада Жұманова, мейірбике:

- Бұйрық бойынша басында 850 мың үстеме төленеді, деп айтылған. Сөйтті де, 1015 күннен кейін үстеме 420-ға түсті деді. «Мейлі» деп көндік. «Айлық 90-100 мың арасында болады, еш жаққа кетпейсіңдер, осы ғимаратта жатып жұмыс істейсіңдер» - деді. Сонда жұмыс істеп  жүргенде жұмыстың ортасында бізге: «Шығыңдар, бұл жерде жатуға болмайды» деп, көшеге айдап шықты.

Ақ халаттылар жұмыс істеген клиникадан стационар жасауды әкімдік пен денсаулық сақтау басшылары ұсынған екен. Тіпті тиіс лицензиясы жоғына қарамай, Шымкенттің бас дәрігері бұйрық шығарып берген.

Ерболат Мырзақұлов, емхана заңгері:

- Барлығы әкімдердің, Позилов мырзаның сөзіне сеніп, бұйрығына сеніп, лицензия болмағанын ескертсек те, «бастай беріңдер» деген уәдесіне  сеніп жұмыс бастадық. Қазір 118 миллион қарызымыз мойнымызда тұр. Дәрідәрмекке қарызбыз, оттегіге, жиһаздар, азық-түлікпен қамтығанбыз. Оларға қарызбыз.

Ақшасын даулағандар бұл жолы бұйрық берген басшымен кездеспекші болған. Алайда ақ халаттыларды оның орынбасары қабылдады.

- Енді лицензия дұрыс емес болса, неге бұйрық бересіздер, мен түсінбеймін!

- Соны айтамын, біз сол кезде жұмысқа кірмейтін едік қой.

- Білмеймін, екі балам бар, біреуі мүгедек. Маған бірдеңе болса, ертең кім оларға қарайды. Кім не істейді?  

Орынбасардан орынды жауап болмай, жиналғандар денсаулық сақтау басқармасының басшысына барды. Қала әкімінің есебінде отырған шенеунік дәрігерлердің ақшасыз жүргенін «білмедім» дейді. Сондықтан Бақытжан Пазилов бұл мәселені жақын арада шешемін деп уәде берді.

Бақытжан Пазилов, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бұл кісілердің адвокатына енді сенбей, өз адвокатымды жалдап, өзім осы сотқа қатысып, сот процесіне қатысамын, егер қажет болса сіздердің өкілдеріңіз де қатыссын. Осыны аяғына дейін жүргізіп, ақша өндіріп беремін.

Сіз судья емессіз ғой, егер сот теріс шешім шығарса ше?

Апелляцияға береміз. Оның бәрін дәлелдеп беремін.

Лицензиясы болмаса да, коронавирус жұқтырғандарды қабылдау туралы бұйрық шығарғанын растаған басшы пандемия кезінде «құжатбастылыққа қарағаным жоқ» дейді. Бірақ сол үшін тоғыз айдан бері ақша түспей қалғанын «енді түсініп отырмын» деп ақталды. Сондықтан өз кінәсін мойындаған Шымкенттің бас дәрігері енді бар тірлігін жинастырып қойып, осы іске байланысты соттың бірде-бірінен қалмай қатыспақшы.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

21 қыркүйек

20 қыркүйек

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде