Қазақстаннан заңсыз 100 миллиард долларға жуық қаржы шығарылған
Қазақстаннан шамамен 100 миллиард долларға жуық қаржы заңсыз шығарылған. Бұл ұлттық экономика министрінің есебі ғана. Әлібек Қуантыров соңғы 30 жылда офшорға қанша ақша шығарылғанын нақты білмегенімен, елге тартылған 400 миллиард доллар инвестицияның ондаған миллиарды шетелге кеткеніне сенімді.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
14.04.2022
Мәжіліс депутаттарының дерегі басқа. «Такс Джутис Нетуорк» халықаралық ұйымының зерттеуінде Қазақстаннан шетелге шығарылған ақша 140-160 миллиард долларды құрайды делінген.
Негізі үкіметке президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі ай мерзім беріп, сырттағы капиталдың нақты көлемін анықтауды шегелеп тапсырған еді. Президенттің берген уақыты аяқталды. Ұлттық экономика министрлігі әлі офшордағы соманы нақты білмейді. Қуантыров қыруар қаржыны қайтарудың тетігін ойластырып жүр. Шенеунік арнайы комиссиямен бірлесіп, салықтық және салықтық емес ынталандыру шарасына да көңіл бөлмек.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Біз қазір салықтық шаралармен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Бұл мәселеге екі жақты тұрғыдан жұмыс атқарып жатырмыз. Бір жағынан, қаржының бұдан кейін де шығып кетуіне жол бермеу керек. Мысалы, салық шараларының бірі – инвесторлар төлемеген дивиденд жеңілдікті алып тастаймыз. Сәйкесінше олар бас компанияға ала алады немесе сол жерден кейбір қызметтерді сатып ала алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!