Төрт жаңа партияның құжаты қаралып жатыр
Парламенттің төменгі палатасында партия саны да артуы мүмкін. Әділет министрлігі қазір төрт жаңа партияның құжатын қарап жатыр – «Халық дербестігі», «Ел тірегі», «Намыс» және «Бәйтерек». 2019 жылдан бері саяси белсенділер он партияны тіркеуге ниет білдірген.
Автор: Әзиза Төленби
18.04.2022
Оның үшеуі бірінші кезеңнен өткенімен, партия құру құжатын ары қарай жинамаған. Оған 20 мың жақтас табу туралы ереже кедергі болса керек. Ал жаңа заң күшіне әлі енген жоқ.
Мемлекет басшысы Жолдауында саяси партияларды тіркеу шегін төрт есеге, яғни 20 мыңнан 5 мың адамға азайтуды тапсырған. Қазір Орталық сайлау комиссиясында ресми тіркелген алты партия бар. Оның үшеуі Парламентке өткізілген.
Қанат Мусин, ҚР Әділет министрі:
- «Халық дербестігі» партиясы екінші кезеңге өтті. Олар съездерін өткізіп, қазір заңға сәйкес, партия ретінде құрылтайшылық съезін өткізеді. 20 мың мүшесінің тізімін ұсынуы қажет. Тіркеу мерзімі тоқтатылды. Енді партия мүшелері тексеріледі. «Ел тірегі», «Намыс» және «Бәйтерек» партиялары бірінші кезең деңгейінде жұмыс істеп жатыр.
Мәжіліс депутаттарының біразы мажоритар жүйемен, яғни халық тікелей сайлайды. Сайлаушыларға төменгі палатаның 29 мүшесін таңдауға құқық беріледі, қалғаны, қазіргідей партиялық тізіммен өтеді. Заңға осындай өзгеріс енгізілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!