Ақтөбеде автобус қос дүкеннің тас-талқанын шығарды
Ақтөбеде жолаушы тасымалдайтын автобус қаланың қақ ортасындағы қос дүкеннің тас-талқанын шығарды. Тежегіші істен шыққан қоғамдық көлік техникалық жабдықтар мен киім-кешек сататын сауда үйіне соғылған.
Автор: Жаңалық Ахаш
18.04.2022
Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Автобус жүргізушісінің айтуы бойынша, жол көлік оқиғасы автобустың тежегіші істен шыққанынан болған. Тексеру жүргізілуде, жол көлік оқиғасының мәнжайы анықталып жатыр.
Әдетте орталық базар мен вокзал алаңының ортасындағы бұл маңда адам көп жүретін. Оқиға таңертең болғандықтан көшеде жүрген адам аз болыпты. Жүргізуші де жолында кездескен адамдарды айналып өтіп, ғимаратқа соғылудан басқа амалым қалмады деп отыр. Өзі де көліктің ақауын сезіп, бір аялдама бұрын автобустағы бар жолаушыны түсіріп кеткен. Ал көлік соққан дүкендердің шыны қабырғалары сынып, кәсіпкерлер шығынын есептеп жатыр. Автобусты тәртіп сақшылары айыппұл тұрағына жеткізді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!