{metadescription}
Тұрғындар караокенің кесірінен ұйқысынан айырылған – Ақтау
Тұрғындар караокенің кесірінен ұйқысынан айырылған – Ақтау

Тұрғындар караокенің кесірінен ұйқысынан айырылған – Ақтау

Ақтауда көпқабатты үй тұрғындары көрші караокенің шуынан мезі болған. «Алты айдан бері даңғырлаған музыкадан түн ұйқымыз төрт бөлінді», - дейді олар. Олар тыныштықты бұзған демалыс орнын жауып тастауды талап етіп отыр.  

Әкімдіктегілер кәсіпкерлерге жарияланған мораторий аясында ән айтатын орталықты тексере алмаймыз дейді.

Үшінші қабатта тұратын Людмила Лебедева даңғырлаған музыкадан таңға дейін көз ілмеймін дейді. Үйдің астыңғы қабатында орналасқан караоке күні-түні жұмыс істейді. Дұрыс тыныға алмаған 74 жастағы зейнеткердің денсаулығы сыр беріп, соңғы кезде өзіне жедел жәрдем шақыруы да жиілеген.

Людмила Лебедева, Ақтау қаласының тұрғыны:

- 2019 жылы инфаркт алдым. Содан кейін ерекше күтім қажет. Шынымды айтсам, мына музыкадан қан қысымым көтеріліп, басым ауырады. Түнімен ұйқытатпайды. Жедел жәрдем қызметін күнде шақырамын. Денсаулығыма зиян тигізіп жатыр.  

Қатты музыка аздай, ащы суға тойып алған келушілер есік алдына шығып төбелес шығарып полиция шақырып, түнімен тағы ұйықтатпайды екен.

Замир Исмагилов, Ақтау қаласының тұрғыны:

- Бұл жерде төбелес жиі болады, полиция келеді. Есік алдында бөтелкелер шашылып жатады. СЭСті шақырдық. Олар  музыка дауысын тексеріп бастағанда караоке иесі музыканы өшіріп тастады. Терезені ашып жата алмаймын. Жабық тұрғанның өзінде бәрі естіледі. Ұйқым ұйқы емес, түнімен қырық бөлінеді.

Ал караоке қожайыны тұрғындармен де, тілшілермен де тілдесуге құлықсыз. Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл нысанды кафе-бар мақсатында қолдануға 2002 жылы рұқсат берілген екен. Сондықтан караоке иесі «қандай бизнес жүргізгісі келеді өзі біледі» дейді шенеуніктер. Ал тығырықтан шығу үшін санитария-эпидемиологияны бақылау қызметінің шешімімен сотқа жүгінуге кеңес беріп отыр. 

Ерлан Саркенов, Ақтау қаласы жер қатынасы, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

- Барлық тұрғын үйқұқықтық қатынас сот тәртібімен шешіледі. Оның үстіне 20202023 жылдар аралығында шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланды. Кәсіпкерлер бұл заңды бір жақты түсініп артық әрекет жасайтын кездері болады.

Тынышы кеткен тұрғындар тиісті орындарға арыз жазбақшы. Караокенің жұмысына сотпен шектеу қойылмайынша, жұрт даңғырлаған қатты музыкамен ұйықтауына тура келеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде