Сот: Дужнов өмір бойына бас бостандығынан айырылсын
Өмір бойына бас бостандығынан айырылсын! Алматыда бес адамды атып өлтірген Игорь Дужновқа прокурор осындай қатаң жаза сұрады. “Күдіктінің қанды қылмысқа қасақана барғаны дәлелденді” деген мемлекеттік айыптаушы мұндай қатыгез адамның енді бостандыққа шығуы өте қауіпті деп отыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
19.04.2022
Бүгінгі cот процесіндегі жарыссөзде жәбірленуші тарап күдіктінің жұбайы мен қызын да қылмыстық жауапқа тартуды талап етті. Дужновтың әйелі Анаида Демирчян күйеуін қылмысқа арандатқан деп санайды қайтыс болғандардың туыстары. Ал Дужновтың өзі не айтты? Сот процесін тілшіміз Сымбат Ғалымбекұлы онайн бақылады.
Алматыда бес бірдей адамды аңшы мылтығымен жайратып салған Игорь Дужновқа қатысты сот аяқталуға жақын. Бір айға созылған атышулы процесс бүгін жарыссөзге жетті. Сотта ең алдымен прокурор күдіктіге тағылған айып толығымен дəлелденгенін алға тартып, дәйектерді тәптіштеп тұрып түсіндірді. Соңында судьядан қанды қылмысқа қасақана барған Дужновқа ең ауыр жаза кесуді сұрады.
Әлішер Мырзаханов, Алматы қаласы прокурорының көмекшісі:
- Күдікті кінәсін мойындаған жоқ. Дужнов өз ісіне еш өкінбейтінін де айтты. Осы жайттарды ескере отырып, оның мүлкін тәркілемей, өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраймын. Жазасын аса қауіпті қылмыскерлерге арналған түзету мекемесінде өтесін.
Жәбірленуші тарап та талап-тілектерін айтып қалуға тырысты. Олар бірауыздан мемлекеттік айыптаушының айтқанын құптап, «мұндай қандықол қылмыскерлер қалған өмірін темір торда өткізу керек» деп есептейді. Қайғылы оқиғадан кейін жесір қалған Альфия Байғазиева судьядан Дужновтың жұбайы мен қызын қоса қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрап отыр. Оның айтуынша, Анаида Демирчян қолын қанға малған күйеуінің нағыз сыбайласы.
Альфия Байғазиева, Н.Байғазиевтың жұбайы:
- Дужнов жазасын өтеу кезінде туыстарымен кездесу құқығынан айырылуға тиіс. Оның барлық мүлкі тәркіленсін. Сосын Дужновтың жұбайы Анаида Демирчян мен қызы Каринэге қатысты ҚКтің 430- бабы «сот үкімін орындамау» бойынша қылмыстық іс қозғалуын сұраймын. Сондай-ақ ол күйеуін қылмысқа итермелеп, сыбайласы болған.
55 жастағы күдікті кінәсін сол күйі мойындаған жоқ. Дужнов «заңсыздыққа қарсы тұрып, отбасым далада қалмау үшін осындай қадамға мәжбүрлі түрде бардым» деп міз бақпады. Ал Луганскде бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз еттім дейді соталушы.
Игорь Дужнов, күдікті:
- Мен Украинада бейбіт адамдарды қорғадым. Себебі, мен зұлымдыққа қарсы адаммын. Ал Алматыдағы оқиғаға тоқталсам. Олар менің үйіме кіріп, отбасымды заңсыз қуып шыққысы келді. Мен балаларымды қорғадым. Қорғау — міндетім. Шабуыл жасауға, марқұмдарға ешқандай өшпенділігім болмады. Баланың құқығы әрқашан да биік болу қажет.
Өткен жылдың қыркүйек айында Дужнов сот қаулысын орындауға келгендерге ауласында оқ жаудырған болатын. Ақбұлақ ықшамауданындағы осы қанды оқиғадан екі полиция қызметкері, сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі мен оның досы қаза тапты.
Жалпы оған «кісі өлтіру», «билік өкіліне шабуыл жасау», «оқ-дәрілерді заңсыз сақтау» және «басқа мемлекеттің аумағында қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына қатысу» секілді айыптар тағылған. Атышулы істің нүктесі алдағы бейсенбіде қойылмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!