Вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов 10 тәулікке қамалды
«Астекс» пен «Мудараба капитал» қаржы пирамидаларына қатысы бар 14 күдіктіге «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деген тағы бір айып қосылды. Атышулы іс бойынша қамауға алынғандардың қатары күні кеше төрт адамға толыққан. Олардың қатарында танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов бар. Соттың шешімімен олар 10 тәулікке қамалды.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
20.04.2022
Бұл вайнерлердің бостандықта жүргеніне, жалпы тергеудің әділдігіне күмәнданған салымшылардың бірі Ішкі істер министрлігі алдында өзін өртеген болатын. Жалпы, 169 адам осы қаржы пирамидаларына бес миллиард теңгесін санап беріпті.
Танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов ақыры темір торға қамалды. Тергеушілер екі айға жабуды сұрағанымен, сот 10 тәулік қана кескен. "Мудараба капитал" ісі бойынша бұлардан бөлек тағы екі адамның қолына кісен салыныпты. Барлығына «қаржы пирамидасынан құрды» деген баптан бөлек «ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамына кірді» деген тағы бір айып тағылды. Тергеу мәліметінше, әзілкештер күмәнді компанияны жарнамалап қана қоймай, оның тең иелері ретінде тұрақты түрде табыс тауып отырған.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
- Қазіргі таңда қылмыстық іс материалдары сотқа жөнелтуге дайын. Өндіріс осымен тәмам. Қылмыстық іс бойынша ресми түрде 14 адам күдікті болып танылды. 14 адамның екеуі қазір қашып жүр. Олар халықаралық іздеуге жарияланды. Қалған 10 адам қамауға алынды. 17.48 217баптан бөлек 268-бап қозғалды. Ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамына кіру және өз әрекетін жүзеге асыру деректері бойынша.
Инстаграмда үш миллионнан астам оқырманы бар Мейіржан Төребаев ұсталғанға дейін әлеуметтік желіге видеоүндеу жариялап үлгеріпті. Вайнер өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтқан. «Мен де жәбірленушімін» деп ағынан жарылған Төребаев «Мудараба капиталды» жарнамалағанын жасырмайды. Бірақ компанияның құрылтайшысы ретінде тіркелгенін білмепті-міс.
Мейіржан Төребаев:
- Қаржы пирамиданы құрған да, басқарған да жоқпын. Мені компанияның формалды мүшесі ретінде тек 2020 жылдың 10 қарашасында тіркеген. Ол уақытта компанияның құрылғанына жарты жыл болған. Мен Mudaraba-ның адал қызметіне шынайы сенгеннен кейін қатысуға шешім қабылдадым. Оған дейін компания мешіттер салған, қайырымдылық қызметпен айналысқан. Оның қаржы пирамидасы екенін білгенде ешбір ақшаға жарнама жасамайтын едім.
«Бірақ білмедім» дегені қылмыстық жауапкершіліктен құтқармасы анық. Өйткені тағылған айып жеңіл емес. Жалпы, осы вайнерлердің қамалуын талап етіп, әрі тергеудің әділдігіне сенбей пирамида салымшыларының бірі Ішкі істер министрлігі алдында өзін өртеп жіберген болатын. Оңбай күйіп, ауруханада жатқан Бағила Досмайылова да мәлімдеме жасады. Келіншек бұл жолы да Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахмановты кінәлап отыр.
Бағила Досмайылова:
- Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов басында барлық іске блогерлер кінәлі деп айтты. Мен құзырлы органда істейтін адамның сөзіне сендім. Бірақ көптеген істің жасырын қалғанын, біздің арызшағымдарымыз жерде шашылып жатқанын көрдім. Бұл істегі негізгі фигуранттарды жасырғанын біліп, шу шығардым. Мұнан кейін "неге?" деп сұрағанымда маған "сен ешкім емессің, қолыңнан ештеңе келмейді. Біз істі осы күйінде жаба саламыз" деп қорқытты. Мен сол үшін өзімді өртедім.
Рустам Әбдірахмановтың өзі мұны жоққа шығарды. Ешкімге қоқан-лоқы көрсетпедім, салымшының айтқаны барып тұрған жала дейді шенді полицей.
Рустам Абдрахманов, Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары:
- Әлеуметтік желідегі видеоны көрдім. 14 адам күдікке ілінген қылмыстық істі қалай жабуға болады. Түсінбеймін. Бағила есімді салымшы осыған дейін «пирамиданы жарнамалаған блогерлер қамалсын» деп пикет ұйымдастырған. Полиция департаментіне келгенде де бізге сондай талап қойған. Ұстанымы 180 градусқа өзгергеніне таң қалдым. Айтып отырғаны шындыққа жанаспайды.
Жалпы Astex.kz компаниясы халыққа мемлекеттік сатып алумен айналысып, әр азаматқа ай сайын салған ақшасының 20 пайызын төлеп отырамыз деп сендірген. Ал ортада делдал «Мудараба капитал» компаниясы. Өткен жылы осы қаржы пирамидасына сан соғып қалғандар шу шығарып, арыздана бастаған. Сол уақытта қылмыстық іс қозғалып, Astex.kz компаниясының басшысы Алмас Құрманғалиев пен «Мудараба капиталдың» басшысы Руслан Бурканов және осы іске қатысы бар өзге де тұлғалар ұсталған болатын. Қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар 169 адамның бес миллиард теңгесін алдап қалтасына басқан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!