584 миллионға тек екі көлік сиятын депо салмақшы
800 миллионға көрмеге қатысып 584 миллион теңгеге тек екі көлік сиятын депо салмақшы. Бюджетте көрсетілген осындай шығындар бүгін мәжілісмендерді біраз ашуландырды. Төменгі палата депутаттары алдағы үшжылдықтың басты қаржылық құжатын талқылаған болатын. Үкімет бұл жолы да Ұлттық қордан триллионнан аса теңге алады.
Автор: Әзиза Төленби
20.04.2022
Бірақ Министрлер кабинетінің әр тиынға есебі дайын. Депутаттар да соңында министрлердің уәжімен келісіп, бюджетті бекітіп берді.
Бюджетке қосымша ақша сұрауға Мәжіліске министрлер түгел келген. Бума-бума қағаз ұстаған шенеуніктерге әр тиын маңызды. Үкімет Ұлттық қордан алатын 1 триллион 600 миллион теңгенің есебін шығарып қойыпты. Қосымша қаражат Қаңтар оқиғасының салдарын жоюға, күш құрылымдарын нығайтуға, халықтың кірісін арттырып, өңірлерді дамытуға жұмсалмақ. Әр есепке шұқшиған депутаттар сұрақты қарша боратып, қордағы ақшаны оңай ұстата салмайтынын көрсетті.
Әсіресе мәжілісмен Юрий Ли министрлерге біраз шүйлікті. Күзде ғана бекіткен бюджетті жеткізбей, қайта ақша сұрағаны депутатқа ұнаған жоқ. Оның ашуына тиген ИННОПРОМ дейтін халықаралық көрме. Индустрия министрлігі соған қатысу үшін 800 миллион теңге сұрап отыр.
Юрий Ли, Мәжіліс депутаты:
- Ұлттық экономика министрлігі 394 млн теңгені қарастырып, оны әлеуметтік, талдамалық және консалтингтік қызметтерге жұмсамақ. Осындай мысалдар көп кездеседі. Ерұлан Кенжебекұлы, мұндай пайдасыз шығындарды қашан қысқартасыздар?
Өңірлердегі құрылыстың құны да мәжілісмендерді шошытып отыр. Мәселен, Атырау облысында өрт сөндіруге арналған шағын депоның өзі жарты миллиард теңгеден асады.
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:
- Мәселен, Миялы ауылында 2 автокөлікке арналған өрт сөндіру депосының құрылысына 584 млн теңге жоспарланған. Яғни бір миллион үш жүз мың доллар. Миллион долларға екі көлікке арналған бокс емес, жарты ауыл сатып алуға болады. Осы мәселелерді фракцияда талқылаған кезде аудандық мәслихат депутаттарының бірі осыған 100 миллион қосып, үш ауысымды мектеп салуға болатынын айтты. Сұрасаң барлығы жобалық-сметалық құжаттамада келісілген, сараптама да мақұлданған дейді.
Бұдан бөлек, депутаттар сумен, газбен қамтитын бағдарламалардың сиырқұйымшақтанып кеткенін де тілге тиек етті. Ұзақ талқылаудан соң үш жылдық бюджет мақұлданды. Мәжілісмендер қанша қызылкеңірдек болғанымен, соңында «келісемін» деген батырманы басып, тарқасты.
Айдос Сарым, Мәжіліс депутаты:
- Ішінде керегі жоқ, пайдасы шамалы деген біраз баптарды кесуге тырыстық. Концерт басқа деген сияқты. Бірекі министрліікте ғана қалды, бірақ министрліктің әкімшілік басқару жүйесіне қатысты шығындары. Зерттеулер, талдаулар деген мәселелер біраз қысқарды.
Осылайша Үкіметтің есебі түгелденді. Министрлердің дегені орындалып Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшері 4 триллион 30 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылатын болды. Дегенмен, Қаржы министрі қаражатты барынша үнемдеуге уәде етті. Мәселен, биылғы бюджетті нақтылау кезінде тиімсіз 1 триллион теңгелік шығын қысқартылған.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
- Қаңтар оқиғаларынан кейін Үкіметтің резерві таусылды. Сондықтан біз жыл басында түзетулер енгіздік. Осыған байланысты біз бюджетті нақтылау кезінде Үкімет резервінің мүмкіндіктерін арттырамыз. Республикалық бюджеттің шығыстары 2022 жылы 2,7 триллион теңгеге көбейеді.
Мәжіліс мақұлдаған басты қаржылық құжат енді Жоғары палатаға барады. Сенаторлар қандай шешім қабылдайтыны белгісіз. Естеріңізге салайық, Мәмин үкіметі де былтыр күзде ұлттық қордан алты триллион теңге алған. Сол кезде де депутаттар қорға қарайлай беретін министрлерді біраз сынаған еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!