Састөбе цемент зауытында бір жылда үш рет жалақы өскен
Түркістан облысындағы 70 жылдық тарихы бар Састөбе цемент зауыты қуаттылығын арттырып жатыр. Екі жылдық тоқыраудан кейін былтыр жұмыс істей бастаған өндіріс орны биыл 350 мың тонна сапалы цемент шығармақ. Жақын маңдағы елдімекендерден жарты мыңнан тұрғынды жұмыспен қамтып үлгеріпті.
Автор: Бек Әбиев
20.04.2022
70 жылдық тарихы бар Састөбе цемент зауыты бірер жыл бұрын тоқырауға ұшыраған. 8 миллиард теңге қарызға кірген зауытқа жаңа басшылық келіпті. Бірден сапаға ден қойғандар өзге зауыттардай құрғақ әдіспен емес, қиын болса да ылғалды тәсілді қолдануды ұйғарған. Яғни, цементке қажетті тас мың градустық ыстықта күйдіріліп, тиісті қоспалар қосылғанда ғана сапалы өнім алынады.
Александр Бартенев, Састөбе цемент зауытының бас директоры:
- Құрғақ тәсіл ылғал әдістегіден әлдеқайда көп өнім беруге мүмкіндік береді. Бірақ, біз сапаны таңдадық. Мақтана алатындай көрсеткіштерді де көрсетіп жатырмыз. Яғни, былтыр 170 мың тонна цемент пен 180 мың тонна таза әк өндірдік. Биыл 350 тонна сапалы цемент шығара аламыз.
Кәсіпорын белшеден батқан қарызын тек бес жылдан кейін ғана қайтарады. Осындай жеңілдікке ие болған зауыт басшылығы цементтің сапалы болуын өндіріс орны тұрған Састөбенің өзімен байланыстырады. Кеңестік кезеңде бұл жердің тасынан ең сапалы тас пен цемент шығарылған.
Есілбек Битеков, цех басшысы:
- Ол кісілерде сол тоқтап қалған кезде жұмыссыз қалған жайы бар еді. Қазіргі уақытта зауыт жүріп жатыр. Сапалы цемент шығарып жатырмыз. Айлығымызды уақтылы алып жатырмыз. Бұрыңғы өндірістен артықшылығы бұл кісілер сапасына өте мән беріп жатыр.
550 адам жұмыс істейтін зауытта бір жылда үш рет жалақы көтерілгенін айту керек. Ал келесі жылы қуатын 500 мың тоннаға дейін арттыру көзделген. Сондай-ақ, кәсіпорын алдағы уақытта ақ және түрлі түсті цемент шығаруды жоспарлауда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!