Сот: Бес адамды атып өлтірген Дужнов соңғы сөзін айтты
Алматыда бес бірдей адамды атып тастаған Игорь Дужнов соттағы соңғы сөзін айтты. Ақырғы сөзінде банктерді кінәлап, ондағыларды алаяққа теңеген сотталушы «әділеттілікке жете алмаған соң қолыма қару алуға мәжбүр болдым» дейді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
21.04.2022
Игорь Дужнов, сотталушы:
- Мен тағы қайталап айтамын. Отбасымды қуып шығады деп ойламадым. Сот шешімін орындауға келген адамдарға еш өшпенділігім болмады. Біздің елде шынайы іс атқаратын адамдардың барлығы несиеге батқан. Банктердің ішінде несие төлей алмағандарды тонайтын топтар бар. Оған дәлел — Тұрғановтың кепілге қойылған мүлік аукциондарының 72сіне қатысып, менің үйімді еселеп арзанға алуы. Тергеуде бұл туралы ешқандай сұрақ туындамауы қалыпты нәрсе.
Сотталушы осылайша соңғы сөзінде де жасаған қанды қылмысына еш өкінген жоқ. Мемлекеттік айыптаушы оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Тергеуде Дужновтың сегіз жыл бұрын Луганскідегі қарулы қақтығысқа өз еркімен барып, сепаратистердің барлау тобында қызмет еткені де расталған болатын.
Еске салсақ, қанды оқиға өткен жылдың қыркүйек айында болды. Дужнов сот қаулысын орындауға келген екі полиция қызметкері, сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі мен оның досын аңшы мылтығымен ауласында жайратып салған. Жалпы оған «кісі өлтіру», «билік өкіліне шабуыл жасау», «оқ-дәрілерді заңсыз сақтау» және «басқа мемлекеттің аумағында қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына қатысу» секілді айыптар тағылған. Атышулы іс бойынша үкім келесі апта шығуы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!