Атырау облысы: Құлсары тұрғындары тасқында қалды
Атырау облысындағы Құлсары қаласын қызыл су басты. Өзекке жақын орналасқан бірнеше баспанаға су кірген. Тасқынның ортасында қалған тұрғындарды таңға жақын тәртіп сақшылары үйінен алып шыққан. Бұл жағдайға тұрғындар жергілікті әкімдікті кіналап отыр.
Автор: Жанат Молдашева
21.04.2022
Таңғы төртте төрт тұрғын үй судың ортасында қалған. Бала-шағасымен ондаған адамды тізеден су кешіп жүріп, полицейлер оларды қауіпсіз жерге көшірген.
Қазір өзек іргесіндегі түрғындарда қорқыныш пен үрей бар. Өйткені сайдың суы арнасынан асып тұр. Баспаналары малмандай болған тұрғындар жергілікті әкімдіктің жауапсыздығына ашынып отыр. Бұған дейін дамбыны биіктетуді бірнеше рет сұрағанын айтады. Алайда қалада тасқыннан қорғану басталғанымен аяқсыз қалыпты. Төтенше жағдай қызметкерлерінің сөзінше, қызыл су бөгеттерді бұзып кеткен. Қазір құтқарушылар мен қала тұрғындары жабылып дамбы жасап, өзге үйлердің айналасына топырақ үйіп жатыр.
Жантөре Демешев, Атырау облысы ТЖД бөлім бастығы:
- Құрсай өзегінің бойында орналасқан дамбылардың жарылуы салдарынан аталған оқиға орын алып отыр. Ендігі уақытта Құрсай өзеніне қосымша дамбыларды қосу жұмысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта Құрсай өзегінен бастау алатын Бақашы шлюзі толық жабылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!