Түркістан облысында жеті ауылдың тұрғындары сусыз қалған
Түркістан облысында жеті ауылдың тұрғындары судан тарығып отыр. Су ағатын жалғыз арықты кәсіпкер жекешелендіріп алған. Түлкібас ауданындағы Жиынбай суағары осыдан 18 жыл бұрын аукционда 500 мың теңгеге сатылып кеткен. Арна бойында отырған ел егін салып, мал суғарудан қағылдық деп қынжылуда.
Автор: Бек Әбиев
21.04.2022
Жиынбай есімді азамат осыдан тура 200 жыл бұрын 30 шақырымға жуық арыз қазып, кейін сол суағар Жиынбай есімімен аталып кеткен. Кейін сол судың бойына ауылдар қоныстанған. Бірақ, 2004 жылы аукционда жекеменшікке сатылып кеткен. Арық бойындағы елге үздіксіз су беріп, атызды тазалау және жөндеуді өз міндетіне алған кәсіпкер кейінгі кезде судан тарықтырды дейді тұрғындар.
Мұхит Қойбаев, Түлкібас ауданының тұрғыны:
- Үш жыл болды, тура керек кезде, көктемде бекітеді, тазалаймыз деп. Жаздың ортасында береді, қураған кезде ештеңе еге алмаймыз. Міне, күзде жапты, көріп тұрсыздар, әлі су жоқ, әлі ештеңе істелмеген. Су жоқ, ауыз су да жоқ. Бұлар жеке қылып алып қуратып отыр бәрімізді. Малымыздың бәрі жаман су ішіп, екі ай болды, көлшікті ішеді, қырылып жатыр.
Судың ағысы тоқтағанымен, арық тазаланбайды дейді тұрғындар. Өйткені арнаның іші қоқысқа толып, ернеуіндегі бетондары бүлініп жатыр.
Алдияр Тәукеев, Түлкібас ауданының тұрғыны:
- “Суды сендерге бермеймін, суды сатып аласыңдар бізден су керек болса, жайылымның бәрі менікі, жайылымға мал шығарсаңдар оған да ақша төлейсіңдер” деген. Міне, енді жол салса, “жолды сатып алам” деді. Мен бұл кісілермен сөйлескен едім, “сен сияқты төмен адаммен сөйлеспеймін” деді.
Тұрғындар бірер жылдан бері су сұрап әкімдікті жағалай берген соң, шенеуніктер Кеңес үкіметі кезінде ауыл ішіне жүргізілген ескі арықтарды дереу іске қосуды қолға алған екен.
Жекенің қолындағы Жиынбай арығына тәуелді болмас үшін аудан билігі ел кіші арық атап кеткен Жүгеніс арығын балама ретінде қосамыз деп уәде беріпті. Бірақ бұл арықпен су келіп жарытатынына тұрғындар сенбейді. Себебі, жеті ауылды сумен қамтитындай арық көлемді емес және ауылдан тыс жерде қазылмаған тұстары көп көрінеді. Оның үстіне биіктегі ауылдарға төмендегі сулардың көтерілуі екіталай дейді.
Ал жекеменшікке алған Әбдумүтәліп Сапаров есімді кәсіпкер іс-сапармен шалғайда жүргенін айтты. “Суды әдейі емес, арықты тазалау үшін амалсыз тоқтаттық” дейді. Мұны шулаған елді сабырға шақырған аудан басшылығы да айтып отыр. Яғни Жиынбайдан бөлек тағы екі арықты бір аптадан қалмай тазалап, елді сумен қамтамасыз етеміз деп деп отыр.
Бауыржан Ахметов, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары:
- Жекеменшік Жиынбай каналының жекеменшік иелері қосымша сегіз шақырымды ішінара тазалық жұмыс жүргізді. Қазір суды жібермей тұрған себебіміз, басындағы 600 метр бетондалған жұмыс бар, соның арасында жарылып кеткен жері бар. Соны бетондап жатыр. Бір апта ішінде, 1мамырда су береміз.
Бірақ “бұл жекеменшік пен шенеуніктердің әдеттегі сөзі” деген жұрт уәдеге сенбейді. Мәселе жыл сайын қайталанбас үшін енді Жиынбай арығы жекеден мемлекет есебіне қайтарылуын талап етіп жеті ауылдың жұрты жаппай сотқа жүгінуді көздеп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!