БҚО: Жол құрылысы тоқтаған үш ауданда ми батпақ пен шаң-тозаң
Батыс Қазақстан облысындағы жол құрылысының кешеуілдеуі аймақ атқамінерлерінің басына таяқ болып тиді. Өйткені Қазталов, Жәнібек және Бөкей Ордасы аудандарын жалғайтын тас жолдарды жөндеу сол күйі тұралап қалған. Ал мәселені шешуді үш жыл бұрын президенттің өзі атап тұрып тапсырған. Жолдың жоқтығынан жергілікті тұрғындар ми батпақ пен шаң тозаңнан әлі күнге дейін құтыла алмай жүр.
Автор: Руслан Әбдіхалық
22.04.2022
Жоспар бойынша тоз-тозы шыққан 248 шақырым жолдың құрылысы 2019 жылы басталып, 202 жылы аяқталуы тиіс еді. Бірақ күні-бүгінге дейін небәрі 55 шақырымға асфальт төселген. Жобаның құны 57 миллиард теңге. Ал жол құрылысына кіріскен 15 қосалқы мердігер 236 миллион теңгесін ала алмай қиналып жүр.
Кәсіпкерлердің мұңы мен тас жолдың жайы «Күре жолдағы күрсініс» тақырыбымен Егемен Қазақстан басылымында жарияланды. Бұл мақаланы оқып шыққан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдігіне шұғыл шешім қабылдап, жұмысты кестеден кешіктіргендерді жазаға тартуды тапсырды. Ал түйткілді мәселенің түйінін тарқату премьер-министр Әлихан Смайыловқа жүктелген. Бүгін бірден аймаққа жұмыс сапарымен келген Үкімет басышы жергілікті шенділерге мәселені қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.
Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:
- Биыл бұл жұмыстарды орындауымыз керек. Үш жыл бұрын басталған жобалар, бірақ қаржыландыру мәселесінен бітпей жатыр. Биыл 15 миллиард қарастырылған, техникалық мүмкіндік бар болса, жұмысты тездету керек. Қосымша қаражатты біз табамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!