Оңтүстік Кореяда көз жұмған қазақ жігіт жат елдің мәйітханасында әлі жатыр
Оңтүстік Кореяда қайтыс болған қандасымыздың денесі алты күннен бері жат елдің мәйітханасында жатыр. Шетелге нәпақа табуға төрт жыл бұрын кеткен Батыр Оспанов қатты сырқаттанған анасын ойлап күйзеліске түсті дейді жақындары. Бір-бірін уайымдаған анасы мен баласының өмірі ақыры бірдей үзілді.
Автор: Бек Әбиев
22.04.2022
Замира Оспанова, марқұмның жұбайы:
- Анасының хабарын айтып отыратынмын. Осылай болды, осындай жағдай болып қалды деп. Соның бәрі оған ауыр тиді. Себебі, жүрегі қысылып жұмысқа қолы бармай жатқанына. Анасының осындай жағдайға түскеніне сенбей жатқан.
39 жастағы марқұмның артында 14 жасар ұлы мен 12-дегі қызы қалды. Пәтер жалдап тұратын отбасына Кореяда жүрген отағасы биыл зәулім үй тұрғызамыз деп қуантып жүрген екен. Бірақ жүрек талмасынан көз жұмған оған мемлекеттен көмек жоқ. Себебі, заңсыз мигрант есебінде кеткен. Марқұмның денесін елге жеткізуге 3 жарым милион теңге керек. Құжаттандыруы мен елге әкелуін ұйымдастырып жүрген «Корея көмек» қоры соңғы бес жылда 36 Қазақстан азаматының Оңтүстік Кореяда көз жұмғанын, көпшілігінің мүрдесі жақындары ақша тапқанша апталап мәйітханада жататынын айтады. Қазір де Оңтүстік Кореяға жұмыс істеуге кеткен 36 мың қазақстандықтың бар-жоғы он мыңға жуығы ғана жұмыс визасын аштырған.
Самат Ахметов, «Корея көмек» қайырымдылық қорының әкімшісі:
- Ол Корея аумағында қазір, мысалы, бір айлық табыс миллион болса, олар соған қызығып кетіп жатыр. Ал жеке басын сақтандырып жатқан жоқ. Ресми ақпараттарды беріп, олар Елшілікке және сыртқы істер министрлігі тарапынан ешқандай тіркеуде жоқ. Билетті алады да, жәй ғана кетеді. Сондықтан біз осы билік басындағыларға да айтқымыз келеді, осы 2 мемлекет арасында жұмыс визасы ашылса әрбір отандасымыздың жеке басы сақтандырылады. Осындай қайғылы жағдайларда қара халыққа алақан жаймай, сақтандыру компаниялары мәйітті тезірек елге жеткіземіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!