Республикалық спорт колледждің жабылуына тәлімгерлердің ата-анасы қарсы шықты
Алматыда Республикалық спорт колледждің жабылуына сондағы тәлімгерлердің ата-аналары қарсылық білдірді. Олар жайсыз хабарды бір апта бұрын естіген. Оқу жылының аяқталуына бір ай қалғанда 250 бала далада қала ма деп уайымдайды. Ал колледж басшылығы бұл ғимараттың орнына модульдік спорт кешені құрылатынын мәлімдеді.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
22.04.2022
Оқушыларды Кәркен Ахметов атындағы Олимпиадалық резервіндегі спорт интернат-колледжіне және Шаңырақ шағын ауданындағы спорт мектебіне орналастырамыз деп сендіріп отыр.
50 жылдан бері талай спорт тарландарын тәрбиелеп келген оқу орнының бағыт-бағдарын өзгертуге не түрткі болды?
Айман Мергенованың түғышы Республикалық спорт колледжінде жеті жылдан беріп оқып келеді. Осы уақыт ішінде республикалық және Азия біріншіліктерінің жүлдегері болған ұлы дзюдодан спорт шеберіне кандидат атағына қол жеткізген. Енді бір апта бұрын колледж жабылады деген жайсыз хабарды естіген ана бұл өзгеріс баламның болашағына балта шабумен тең деп отыр.
Айман Мергенова:
- «Мама, енді қайда барамын» деп, балам шынымен қатты уайымдап жүр. Бізді ешқайда таратпасын. Бәріміз бірауыздан осы жерде бастадық па, осы жерден бітірсек деген ойдамыз. Мен ғана емес, менің артымда тұрған атааналардың барлығының арманы осы. Балаларымыз биіктен көрінсін, бүкіл Республика танысын. Қазір бізді басқа колледжға апарса, біздің балаларымыз болсын, мұғалімдер мен жаттықтырушылар РСКдағыдай жүрмейді.
12 спорт түріне баулитын колледж 1971 жылы ашылған. Енді, жұрт талай чемпионды шығарған оқу орнының жабылуы мүлдем қисынға келмейді деп шырылдауда. Өйткені бұл шешім 250 оқушының тағдырын бір сәтте қыл үстіне қойыпты. Шырылдаған ата-аналар оқу жылы аяқталмай жатып шығарып жіберсе, балаларымыз далада қалады деп алаңдайды.
Жанатбек Жолдасханов:
- Мамырдың 1517-сі жабылады. «Балаларыңыз қайда келді, сол жаққа алып кетуге болады» деген әңгімелер болды. Содан атааналар бір-бірінен естіп, көтеріліп жатырмыз. Қарсылық білдіріп жатырмыз.
Тоқтарбай Құсайынов:
- Балаларымыз осы жерде өсті, оқыды. Әбден осы жерге үйреніп қалды. Тазалық, тәртіп. Жаттықтырушылары да жақсы. Балалардың жетістіктері де мықты. Ешқандай мәселе жоқ. Бұны аяқастынан жауып тастап жатыр. Біз сол жапқанына қарсы болып тұрмыз. Баламыз үшін келіп тұрмыз, шырылдап. Баланың болашағы спорт деп.
Ұлардай шулаған ата-аналардың алдына колледж басшылығы да шықты. Айтуынша бұл ғимаратты қайта құруға министрліктен хат келіп, орнына үлкен модульдік спорт кешенінің құрылысы басталмақшы. Ал оқушылар мен студенттерді осы оқу жылы толық аяқталған соң ғана Кәркен Ахметов атындағы олимиадалық резервіндегі мектеп-интернатқа және Шаңырақ шағын ауданындағы екі спорт мектебіне бөліп орналастырамыз деп сендірді. Сондай-ақ тәлімгерлерімен бірге 45 мұғалім мен 55 жаттықтырушы да ауысады.
Жанар Ысқақова, Республикалық спорт колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
- Республикалық спорт колледждің балалары сыртта қалмайды. Барлығы 100 пайыз орналастырылады. Атааналармен жеке-жеке жұмыс істейміз. Сіздермен бірлесе отырып, келісе отырып жұмыс істейміз. Әрине, спорт түрі бойынша екіге бөлінуге тура келіп отыр. 12 спорт түрінің 6 спорт түрі Кәркен Ахметовқа ауысады да, 6 спорт түрі Шаңырақ мектебіне ауыстырылады.
Жарты ғасыр тарихы бар бұл колледжде қазір 250 спортшы оқиды. Оның 75-і биыл бітірсе, 159-ы өзге білім ордасына ауыстырылатын болды. Алайда шырылдаған ата-аналар бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы. Өйткені спортта бәсекелестік пен бақталастық болғасын, жат жерде балаларымыз әлімжеттік көре ме деп қорқады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!