Елордада мемлекет төлеп берген үйірме, секциялар жабылғалы жатыр
Астаналық 224 мың бала енді үйірмеге тегін қатыса алмайды. Ақысын мемлекет төлеп берген секциялар жабылғалы жатыр. «Арт спорт» деп аталатын бағдарламаға бөлінген ақша жыл соңына жетпей таусылған. Ал кәсіпкерлердің бизнесі бір жылға жетпей аяқталайын деп тұр. Бүгін елордалық түрлі секция мен шығармашылық үйірмелердің басшылары осыны айтып наразылық білдірді.
Автор: Әзиза Төленби
22.04.2022
Бәрі бюджеттің қайта қаралып, жұмыстының жалғасқанын қалап отыр.
Таңсәріден әкімдікке жиналған жұрт өткен күзден бері министрліктен тапсырыс алып балаларға тегін үйірме ұйымдастырып жүрген кәсіпкерлер. Соның арқасында елордалық 250 мыңға жуық бала спорт, сурет салу, шахмат, ән, би секциясына қатысып жүр еді. Бірақ оқушылардың ол қуанышы көпке созылмады. "Арт спорт" бағдарламасына бөлінген қаржы түгесілген. Ал қаладағы жекеменшік үйірме бір балаға кемінде 20 мың теңге ақша сұрайды. Оны бәрінің бірдей қалтасы көтермейтіні анық.
Әсел Темірханова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Жалғаса ма, жалғаспай ма, сол болып тұр. Сурет салуға баламды жаза аламын ба, жаза алмаймын ба? Өйткені ол жерде әзірге жабық тұр. Ана жылды шілде айынан басталды ғой, содан бері таэквондаға барып жүр. Белдікке тапсырды. Енді сол нәтижесін көргеннен кейін тоқтатқанын қаламаймын.
Кәсіпкерлер бір жылға да жалғаспаған кәсібіне шырқырап жүр. Ғимаратты жалдау ақысы, сабақ үйретушілердің айлығы, тазалық мамандарына жалақысын қалай төлерін білмейді. Алдын ала жасалған келісімшарт жанын қысып барады.
Лаура Орынбекова, кәсіпкер:
- Айлығы жақсы еді. Мектептен жоғары. Олар енді риза болып жүр. Енді ары қарай қалай боларын олар да уайымдап жүр. Не істейміз деп. Мен де айта алмаймын. Ата-аналарға да айта алмай жүрмін. Білмеймін, не істейтінімді.
Мемлекет қаржыландыратын шығармашылық орталықтарға негізінен көпбалалы отбасылардың балалары келеді. Енді бала түгілі, өзіміз тентіреп қалатын болдық дейді үйірме ұстазы.
Гүлзада Камалетдинова, үйірме ұстазы:
- Қаржы жағынан жанұямызға өте ауыр болады. Не дегенмен үш баламыз бар. Оларды асырау керек. Ипотекамыз бар. Мен еріккенімнен ерте шыққан жоқпын. Балам бір жастан аспай тұрып шықтым. Себебі, ақша табу керек, жолдасыма көмектесу керек.
Биыл нұр-сұлтандық «Арт спорт» бағдарламасына бір жарым миллиардқа жуық ақша бөлінген екен. Бірақ атқамінерлер елдегі демографияның оң көрсеткішін естен шығарған. Сөйтіп бұл ақшаның жыл аяқталмай түбі көрініпті. Әкімдік алдағы екі айға қаржыландыру бар деп сендіреді.
Алмаз Абаев, Нұр-Сұлтан қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
- Жыл басында бюджетті құптаған кезде берген қаржы қазір жүріп жатыр. Бірақ ол қаржы жылдың соңына дейін жетпейді. Мемлекеттік тапсырысты жүргізу ережелері бар. Сол жерде барлығы жазылған. Табельдер бізге келеді. Атааналардың қолымен. Біз оны қарап, тексереміз де, жұмыс істегені дәлел боп есептеледі.
Тегін секцияның тағдыры енді Мәлихаттың мамырдағы отырысында белгілі болады. Әкімдік бюджеттік өтінім дайындап қойыпты. Олар қолдаса, министрлікке шығамыз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!