{metadescription}
Қасым-Жомарт Тоқаев Amanat партиясынан шығып, төраға өкілетін тоқтатты
Қасым-Жомарт Тоқаев Amanat партиясынан шығып, төраға өкілетін тоқтатты

Қасым-Жомарт Тоқаев Amanat партиясынан шығып, төраға өкілетін тоқтатты

Қасым-Жомарт Тоқаев Amanat партиясынан шықты. Суперпрезиденттік жүйеден бас тартуды талайдан айтып жүрген президент уәдесінде тұрып, төраға өкілетін тоқтатты. Енді партияны Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов басқармақ. Amanat-тың жаңалығы мұнымен біткен жоқ.

Adal партиясының мүшелері аманаттарын арқалап, билік партиясының қатарын толықтырды. Жыл басталғалы үшінші рет жиналған саяси құрылымның бұл жолғы жиын қалай өтті?

Бұрынғы Nur Otan, қазір Amanat деп аталатын партия төрт айда үш рет кезектен тыс жиынын өткізіп отыр. Үшеуінде де елдің әр аймағынан елордаға сабылып, әдемі киімдерін киіп, ешбір делегат келген жоқ. Съезд қатысушылары жұмыс орнында отырып көгілдір экранға топтасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордадан баяндамасын онлайн режімде жасауды құп көрген.

Президент Жолдауында партиядан шығатынын ескерткен еді. Бүгін сол күн. Мемлекет басшысы бұл шешіміне «символдық мән бар» деп баға берді. Сайлаушыларына кезінде қолдағандарына алғысын айтты. Партиядан кетпес бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев көптің көкейінде жүрген сұраққа жауап берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-  Азаматтар тарапынан: «Жаңа Қазақстан дегеніміз не?», - деген сауал жиі қойылып жүр. Менің ойымша, бұл сұраққа қысқа да нұсқа жауап беруге болады. Жаңа Қазақстан дегеніміз – шын мәнінде Әділетті Қазақстан. Азаматтарға әлеуметтік әділдік жетіспейтінін мойындайықшы. Қарапайым халықтың мүддесі үнемі елене бермейді, кейде, тіпті әділетсіздік мемлекеттік аппарат өкілдері тарапынан да жасалып жатады. Азаматтардың мемлекеттік мекемелерге сенімсіздігі осыдан туындайды.

Президент Конституцияға енгізілетін өзгерістердің маңыздылығын түсіндірді. Айтуынша, арнайы жұмыс тобы қысқа мерзімде келелі іс тындырды. Заңгер ғалымдар Ата заңның үштен бір бөлігіне енгізілетін өзгерістердің жобасын әзірлеген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-  Конституциялық реформаның мақсаты – елімізді саяси тұрғыдан одан әрі жан-жақты жаңғыртудың берік іргетасын қалау. Өткен аптада Конституциялық кеңеске түзетулер жобасы жолданды. Оның қабылдануы мемлекеттік институттарды құрудың және қызметінің мүлде жаңа үлгісін – Жаңа Қазақстанды құруға мүмкіндік береді.

Жаңа Қазақстан туралы көп айта бермей, нақты іспен іске асыру керек деген Тоқаев өмірдің бір орында тұрмайтынын айтып, өзі партиядан кетсе де, Amanat-тың бағдары өзгермейтініне сенім білдірді. Партия әлеуметтік әділетсіздікпен күрес жолында алдыңғы шептен көрінуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-  Алдымызда ауқымды міндеттер бар. Бүгінде еліміздегі барлық саланы түбегейлі монополиядан арылту аса маңызды. Осы үдерістен саяси жүйе де сырт қалмауы керек.

Сөзін жүйелей келе, мемлекет басшысы өзінің орнына қазіргі мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды. Nur Otan-ның атауын Amanat етіп өзгерту ұсынысын дәл осы кісі айтқан еді. Сол кездегі оның бастамасын қолдағандар бүгін де Қошановтың төраға болып сайлануына бірауыздан дауыс берді. Бұрынғы съездерден өзгешеленген бүгінгі съездің тағы бір жаңалығы  Adal партиясының Amanat-қа қосылуы. Оны да съезге сайланған 403 делегат қолдады.

Adal партиясы Қазақстанда ресми түрде тіркелген алты партияның бірі. Былтыр парламент сайлауына қатысқанымен, 7 пайыздан артық дауыс жинай алмаған. 2013 жылы «Бірлік» ретінде тіркелген партия 2020 жылы қараша айының басында атауын өзгертіп, Adal аталып еді. Amanat тарихында партиялардың қосылуы екінші жағдай.

Қатары толыққан Amanat саяси сабақтастықты сақтай отырып, екі еселенген жұмысын жалғастыра бермек. Партия мүшелерінің өңірлерге жасаған сапарларынан қалған міндеттер, жастарды қолдау мәселелері, түрлі бағдарламалық құжаттарды жаңарту және партияның Бірыңғай жаңа Саяси тұғырнамасын әзірлеу ісі Ерлан Қошанов бастаған топқа артылып отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде