Парламентті ерте тарату мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ
Парламентті ерте тарату мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осылай деді. Негізі парламент сайлауы 2025 жылы өтуге тиіс. Алайда аяқ астынан саяси шешім шығарылып, кезектен тыс сайлау өтетін болса, Amanat партиясының жаңа басшысы саяси додада бақ сынауға әзір.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
27.04.2022
Ерлан Қошанов, Мәжіліс төрағасы:
- Жуырда президент саяси реформаларды жариялады. Біз жыл соңына дейін Конституция заңы мен басқа заңдарды қабылдауымыз керек. Парламентті тарату мәселесін талқылаған жоқпыз. Ал сайлауға қатысты айтар болсам, егер ертең сайлау болады десе, әрине, біздің партия оған әзір. Біз парламенттегі орынға тең дәрежеде таласуымыз керек. Бұл тек саяси бәсекені күшейтеді. Amanat – басқарушы партия және саяси күреске дайын.
Төменгі палатаға Ерлан Қошанов үш ай бұрын төраға болып келді. Нұрлан Нығматулиннің орнын алмастырған ол кеше жаңа қызметке ие болды. Әзірге екі жұмысты қатар алып жүру мәселесі қарастырылмапты. Мәжіліс кулуарында Қошанов тек мансабы туралы ғана емес, журналистердің барлық сұрағына жауап беруге тырысты.
Мәселен, «Алтын Орда» базарына қатысты спикер бірнеше заң бұзылғанын айтты. Оның сөзін Алматы облысының әкімі де растайды. Базардағы былыққа саудагерлердің өкпесі қара қазандай. Мәжіліс төрағасы «Алтын Орда» кімдікі болса да, бәрібір заң бұзғаны үшін жазаланады деді.
Конституциядағы түзетулерге де спикер ойын айтты. Әсіресе жер қойнауы туралы нормаға түсініктеме берді. Айтуынша, құжаттағы түзету ешқандай да көзбояушылық емес, керісінше, жер мен оның қойнауы халыққа тиесілі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!