{metadescription}
Mad Men тобының мүшелері түрмеге аттанды
Mad Men тобының мүшелері түрмеге аттанды

Mad Men тобының мүшелері түрмеге аттанды

Сахнадан қатаң тәртіптегі түрмеге бір-ақ аттанды. Жасөспірімдер арасында танымал Mad Men тобының мүшелері сотталды. Олар қылмыстық топ құрып, аса ірі мөлшерде психотроптық заттар мен есірткіні сатқаны үшін 15 -тен 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Сотталғандардың ішінде Q-pop жанрында өнер көрсететін топтың продюсері әрі жетекшісі Руслан Хван, Moora деген лақап атымен әйгілі Әлимұрат Ибраимов,  би студиясының жетекшісі мен үш хореограф бар.

Соттың мәліметінше, топтың продюсері Руслан Хван осыдан екі жыл бұрын қылмыстық топ құрған. Оған мүше 6 адамның әрқайысына міндеттерін бекітіп беріпті.  Бірнешеуі  екі қабатты коттедждің жертөлесіндегі зертханада психотроп заттарды дайындаса, өзгелері арнайы құрылған сайттар мен чаттарда есірткі саудалаған. Кейін әлеуметтік желі арқылы сатылған есірткіні Алматының әр бұрышына түйіншектеп тығып отырыпты. Ал жетекшінің өзі сатып алушылармен келіссөз жүргізген. Бұл кәсіппен жалпы жеті адам жеті айға жуық айналысқан.

20 - 27 жас аралығындағы шоу-бизнес өкілдері осыдан бір жыл бұрын жалдамалы котеджде ұсталған. Тінткен кезде ірі көлемде психотроп заттар, гашиш және тас астына жасырып қойған мефедрон табылған болатын. Тура бір жылға созылған тергеуден кейін әртістер енді ұзақ мерзімге абақтыға аттанды.

Абай Жарылқасын, Алматы қаласы сотының баспасөз хатшысы:

- Есірткі тарату, сақтау және жасау бойынша аталмыш азаматтар кінәлі деп танылды. Олардың ішінде топ жетекшісі Хванға 17 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ибраимов, Цой, Пак - 16 жыл. Максимов, Сагнаев, Тусуповқа қатысты 15 жыл және 3 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазасын аталған азаматтар қауіпсіздігі жоғары мекемеде өтейтін болады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде