Шымкентте әйелі күйеуін педофил деп айыптады
Шымкентте 39 жастағы тұрғынды өз әйелі педофил деп айыптады. Келіншектің айтуынша, ол сегіз жасар туған қызына азғындық жасаған. Сұмдық жайтты қызы анасына айтып беріпті. Полицейлер отағасын бірден ұстағанымен, көп ұзамай босатып жіберген.
Автор: Бек Әбиев
27.04.2022
Істің тоқтатылуына тергеуші мен прокурордың күйеуіне туыс боп келуі себеп деп күдіктенеді ашынған әйел. Қайтадан қамалуын талап етіп отыр. Алайда тәртіп сақшылары жасөспірімге сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық көрсету бабымен іс қозғалып, сараптама тағайындалғанын айтты.
Аты-жөнін атамауды өтінген әйелдің айтуынша, күйеуінің азғын екенін ақпанда білген. Көрші келіншектермен серуендеуге шықпақ болғанда қызы үйде әкесімен қалдырмауын өтініп шырылдапты. Себебін сұрағанда, сұмдық жайтты айтқан. Үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп отырған әке жылға жуық уақыт өз қызына "білгенін істеп келіпті" дейді келіншек.
Жәбірленуші:
- Мен үйде жоқ кезде үлкен баламды ойнауға жібереді екен. Ал кішкентайлар мультфильм қарап отырады екен, істеп отырған ісіне қарап отырады.
Мұны естіген әйел дереу полицияға емес, ата-енесін шақырған. Бірақ күніге есірткі шегетін оны туыстары «өзіміз емдеп аламыз» деп арашалапты. Кейін ұрып-соға бастаған соң, полицияға арыз түсірдім дейді.
Жәбірленуші:
- Тергеуші және де прокурор бір ауылдан, кейін білдім, бәрі бір ауылдан екен. Рулас. Істің бәрін жылы жауып отыр. Берген айғақтардың бәрін жоққа шығарып отыр. Сол кезде айтты бұл жағдайда педофилдік үшін, ары кетсе 10 жыл отырамын деп.10 жылдан кейін бәрібір шығып сені, қызымды өлтіремін деді.
Аса ауыр айыппен 10 жыл отырмақ түгілі, он күннен кейін еркіндікке шыққанына заңгерлер де аң-таң. Адвокат Нұркен Қалмырзаев бұл істе куәгердің бар екенін айтады. Бірақ тергеуші бұған мән бермепті.
Нұркен Қалмырзаев, адвокат:
- Негізі куә болған бір жасөспірім бала бар. Оны тергеушіге айтқан дейді. Бірақ тергеуші оны өзінің жауап хаттамасында көрсетпеген. Прокурор өз қаулысында жазады, сотсараптама дайын болмауына байланысты осындай босатылуға жатады деп. Ал негізі мұндай жағдайда заң бойынша созылуы керек еді. Себебі, прокурор білмейді ғой, ертең қортынды беретінін.
Ал, полицейлер іске енді кірісіп жатыр. Тергеушіні ауыстырып, куәгерлерден жауап алуды бастапты. Сараптамалар да толық тағайындалғанын жеткізді. Бірақ күдікті әлі қамалмаған.
Салтанат Қаракөзова, Шымкент қаласы ПД ресми өкілі:
- Күйеуі қызына сексуалды сипатта зорлық-зомбылық әрекет жасағанын көрсеткен. Бұл арыз бірден Еңбекші АПБ-ның бірыңғай тіркеп-тексеру тізіміне тіркелді. ҚР ҚК 121-бабына сай 4-бөлігі, ол сексуалды сипатта жасөспірімге зорлық-зомбылық әрекет жасалғаны. Бірақ сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Бірнеше сараптама тағайындалды.
Заң бойынша күдікті енді отбасына жақындамауы, һәм телефон шалмауы керек. Әйтпесе бірден қамалады. Бірақ күйеуінің "күніге анаша шегеді" деген әйелі одан өлердей қорқады.Такси қызметінде істейтін күйеуім алып кетуі мүмкін деп, қызын да мектепке жіберуді қойыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!