Саяжайдағы атыс: “Жәбірленушіден күдіктіге айналып, жаза арқаладық”
"Кесілген үкіммен келіспейміз". Алматы облысы демалыс орнындағы атысқа қатысты атышулы істе сотталған бірқатар азаматтар осылай деп баспасөз жиынын өткізді. Олар жәбірленушіден күдіктіге айналып, “негізсіз жаза арқаладық” деп отыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
27.04.2022
Демалыс кешенінде "қырғын салды" деген тоғыз адамға өткен аптада сот үкімі шыққан. Тал түсте туристік базаға баса-көктеп кіріп, қожайыны мен қызметкерлеріне оқ жаудырған алты адам «Бұзақылық» бабымен үш жылдан алты жылға дейін темір торға тоғытылса, үш айыпталушының бас бостандығы шектелген.
Алматы облысындағы демалыс орнында болған атысқа қатысты атышулы іске өткен аптада нүкте қойылған. Алайда «Бұзақылық» бабымен бас бостандығы шектелген бірқатар азамат сот шешімімен келіспей, баспасөз жиынын өткізді. Азамат Расулов қанды қырғында оққа ұшып жарақат алған. Ол атысты бастаған адамдар "жәбірленуші" атанып, жапа шеккендер жаза арқалауы — әділетсіз деп қапалы.
Азамат Расулов:
- Ақиқат талап етемін. Біз он адам екі жылдан бері отырдық. Бізді кінәлі қылып қойды. Мен өзім атыламын. Танымайтын жерге барамын. Бірақ менің бас бостандығымды шектейді. Ол да менің өміріме балта шауып тұр. Өзім спортшымын. Аллаға шүкір, тірі қалдық. Сол атқан адамдар енді заңды түрде жауап берсін дейміз.
Екі жыл бұрын Байсерке ауылындағы Поляна демалыс кешеніне тал түсте мұздай қаруланған бір топ адам баса-көктеп кіріп, оқ жаудырған. Қанды оқиғадан демалыс орнының қожайыны, қызметкері мен тағы бірнеше адам жараланған. Із суытқан қаскөйлер көп ұзамай бірінен кейін бірі ұсталды. Тергеу сегіз айға созылып, күдіктілердің саны тоғызға жеткен. Жақында демалыс орнында қырғын салған алты айыпталушы үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге темір торға тоғытылса, үшеуінің бас бостандығы шектелді. Осы іс бойынша сотталған Асхат Қойшыбайұлының адвокаты да апелляцияға шағым түсіреміз деп отыр.
Қадыржан Молдашәріп, адвокат:
- Жәбірленуші Кузнецова тергеуде бес түрлі түсініктеме берді. Бірақ құзырлы органға оның қанды оқиға туралы әр түрлі етіп айтқаны сұрақ тудырмағаны қызық. Менің қорғауымдағы адамды темір торға тоғытатындай нақты дәлелдер жоқ. Біз апелляциялық сотқа жүгініп, тергеудің қайта жүргізілуін талап етеміз.
Облыстық прокуратура сот шешімі әлі заңды күшіне енбегенін жеткізді.
Дулат Мұқанов, Алматы облысы прокуратурасының басқарма бастығы:
- Соттың соңғы процесінде жәбірленуші ретінде жауап берген демалыс орнының иелері де үкіммен келіспейтінін айтқан. Олар кемі жиырма адам қарулы шабуыл жасағанын және күдіктілерге кесілген жаза тым жеңіл екенін алға тартқан.
Соттың соңғы процесінде жәбірленуші ретінде жауап берген демалыс орнының иелері де үкіммен келіспейді. Олар кемі жиырма адам қарулы шабуыл жасағанын және күдіктілерге кесілген жаза тым жеңіл екенін алға тартқан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!