{metadescription}
Алматы облысы: Күн сайын ұлғайған карьер үйлерге қауіп төндіруде
Алматы облысы: Күн сайын ұлғайған карьер үйлерге қауіп төндіруде

Алматы облысы: Күн сайын ұлғайған карьер үйлерге қауіп төндіруде

Алматы облысының тұрғындары құм, тас өндіретіндерге қарсы шықты. Жылдар бойы үздіксіз қазылып жатқан карьер аумағы күн өткен сайын үлкейіп, жақын маңда орналасқан үйлерге қауіп төндіріп жатқан көрінеді.

Тоқтаусыз өтетін жүк көліктерінен “күндіз күлкіден, түнде ұйқымыздан айырылдық” деген қараша карьердің жабылуын талап етеді. Болмаса өздерін өзге өңірге көшіруін сұрайды. Ал әкімдіктегілер "қайта тексеріс жүргіземіз" деп сендірді.

Көптің мазасын алған Ақсай карьерінің  биіктігі 80 метр. Ақжар мен Жаңатұрмыс елдімекенінің ортасында орналасқан. Жақын маңдағы тұрғындар жылдар бойы жырға айналған мәселемен бүгін тағы бас көтерді. Күн сайын 30-40 жүк көлігі құм, тас тиеп, арлы-берлі шаңдатқаны әбден мезі етті деп ашынады.

Айсәуле Кенжеғалиева, Алматы облысының тұрғыны:

- Жаңа мектеп ашылды. Балалар жаяу жүреді. Тұрғындар жаяу жүреді. Жүк көліктері күні-түні жүреді ғой. Зырылдаған екпінінен ұшып кете жаздайсың. Ал балалар сонда қалай жүреді? Түнімен терезе аша алмаймыз. Шаң үйіліп тұрады

Тұрғындардың мазасын алған үш карьер болған. Оның екеуі жабылып, ең үлкені жұмысын әлі жалғастырып келеді. Аспанға көтерілген шаң мұрынды бітеп, дамылсыз шыққан шу тынышын қашырған. Жұртшылық карьер талапқа "мүлдем сай емес орналасқан" дейді. Құжатта көрсетілген ауданын есептеуге өздері кіріскен.

Асқарбек Жайлаубеков, Алматы облысының тұрғыны:

- Санитарлық норма бойынша СЭС қорытындысын алдым. "500 метр" деп өздері жазған. Бұл жерде 500 метр емес. Жаңа өлшедім, бүгін ертеңгісін бардым. Сегіз метр. Емхана сегіз метр жерде тұр. Ар жағында үйлер 12 метр. Тірі адамдар ол жерде енді тұрмау керек. Болмаса, карьер жабылу керек. Бүткіл халықты көшіру керек.

Шулаған бұқараның арасынан карьердің бас технологы шыға келді. Дау тудыра жаздаған жауапты маман шаң-тозаң мен шыққан дыбысқа "арнайы тексеру жүргізілген" деп, тұрғындарға шүйлікті.

Анатолий Грошенков, «Карьер-Аксай» ЖШС бас технологы:

- Жан-жақты өлшем жасадық. Қолымда тексеру нәтижесі бойынша жауап та бар. Құжатта атаулы дауға қатысты ешқандай заң бұзу болмағаны көрсетілген. Барлығы санитарлық нормаға сай. 

Компания қызметкері карьер жұмысын жұртшылық мұнда көшіп келмей тұрғанда бастағанын айтып ақталды. Бұл жағдайда халыққа жер берген құзырлы органдарды кінәлап отыр. Ал қарашаның арыз-шағымына енді құлақ түрген әкімдіктегілер қайта тексеріс жүргізбек.

Самат Дәулетов, Алматы облысы кәсіпкерлік және индустрия-инновациялық даму басқармасы бөлімінің басшысы:

- «Карьер Аксай» ЖШС-гі аталған кен орнында жұмыс істеп жатыр. Ақжар ықшамауданы тұрғындарының өтініші негізінде Алматы облысының санитария-эпидемиологиялық бақылау департаменті тиісті тексеру жүргізеді. Заң бұзылу анықталса, біздің басқармаға қорытындысын ұсынып, келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатуға кіріседі. 

Ұзақ жылдан бері талабы орындалмаған тұрғындар барлығын қатаң тексеруді сұрайды. Егер жауапты ведомстводан қайран болмаса, көшені жауып, техниканың жолын бөгеуге бекініп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде