Еліміздегі биозертханалар кімге тиесілі?
Сенатта еліміздегі биозертханалардың кімдерге тиесілі екені айтылды. Шетелдік саясаткерлердің біразы бұған дейін зертханаларды АҚШ қаржыландырған және олар әскери мақсатта, биологиялық қару-жарақ жасаумен айналысады деген.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
28.04.2022
Биологиялық қауіпсіздік туралы заң жобасы талқыланған жиында депутат Ақылбек Күрішбаев биозертханалардың қызметін тізіп берді. Онда аса қауіпті патогенді микроағзаларға қарсы диагностикалық және профилактикалық препараттар әзірленеді деді сенатор. Яғни өлім-жітім деңгейі жоғары бірінші топтағы аса қауіпті вирустар мұнда жоқ. Бір жағынан бұл нысандар ешқандай да жабық және құпия емес. Зертханалардың жұмысын кез келген уақытта халықаралық сарапшылар тексере алады. Биозертханалар Қазақстанның қаржысына салынған, америкалық демеушілер тартылмаған. Бұған дейін елімізге келген АҚШ мамандары тек кеңес беріп, тәжірибе алмасыпты.
Ақылбек Күрішбаев, Сенат депутаты:
- Бұл зертханалар Қазақстанға тиесілі және өзекті экономикалық проблемаларды шешу үшін толық республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Олар шетелдік гранттарды иеленбеген және оларда шетелдік ғалымдар жұмыс істемейді. Басқаша айтқанда, біздің зертханалар өз қызметінде шет елдерге есеп бермейді. BSL-3 ғылыми зертханаларының құрылысын қазақстандық мамандар Қазақстан Үкіметінің бақылауымен жүргізді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!