Алматы облысы: Синтетикалық есірткі сатып тұрған жігіт ұсталды
Есірткі саудалап, үйінде заңсыз қару сақтаған. Алматы облысында 31 жастағы жігіт синтетикалық есірткіні сатып тұрған жерінен қолға түсті. Талдықорғандық полицейлер мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің бірлесіп өткізген арнайы операциясы барысында күдікті қаланың қақ ортасында ұсталды.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
28.04.2022
Күдікті облыс орталығында мефедронның саудасын көшеде де, интернет арқылы да қыздырған. Оның үйін тінту барысында 80 грамм есірткі табылды. Мамандардың айтуынша, бұл "синтетиканың" шамамен 8 мың дозасы.
Есірткі таратушы жігіттің баспанасынан тіркеуде жоқ шолақ және тегіс ұңғылы мылтық және оқ-дәрілер тәркіленді. Тиісті сараптама тағайындалып, «есірткі сату» мен «қаруды заңсыз сақтау» баптарымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеуде атыс қаруын ол қай жерде және қашан қолданғаны анықталады.
Әбілтай Әбенов, Алматы облыстық ПД ресми өкілі:
- Күдіктінің тұрғылықты жері бойынша санкцияланған тінту кезінде синтетикалық есірткінің 80 граммы тәркіленді. Сондай-ақ тіркеуде жоқ бір шолақ, екі ұңғылы қару мен 20-дан астам оқ-дәрі тәркіленді. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!