{metadescription}
Алматы облысы: Көксайда балабақшаны нәжіс су басты
Алматы облысы: Көксайда балабақшаны нәжіс су басты

Алматы облысы: Көксайда балабақшаны нәжіс су басты

Балабақшаны нәжіс басты. Алматы облысы Көксай елдімекеніндегі бөбекжай тәрбиешілері мен тұрғындары кәріз құдығынан тасыған сасық судан әбден зәрезап болған. Өйткені апта сайын аумақты басып қалатын лас су осы жолы мектепке дейінгі мекеменің ішіне де кірген.

Балабақша жабылып, таңертең бүлдіршіндерін жетектеп келген ата-аналарға кері қайтуына тура келіпті. Ал коммуналшылар апаттың қайталана беруіне сапасыз орнатылған сорғыларды сылтауратып, оны жөндеуден өздері де жалыққан. 

     Күнде кішкентайлар шулап жүретін балабақша бүгін бос. Мекеме қызметкерлері балаларды ата-анасымен бірге таңертең-ақ кері қайтарып жіберіпті. Өйткені кәріз құбырынан тасыған су нысанның ауласына дейін жайылған екен. Артынша қолқаны қабатын иістен жұмыс істеу мүмкін болмай қалды дейді тәрбиешілер.

Түннен бері жол бойынан ағып келген кәріз суы арыққа толып қалған. Күн ысыған сайын жан-жақты жағымсыз иіс жайлайтынын айтқан қызметкерлер нәжіс тазалаудан шаршадық деп отыр. 

Мәрия Қалдыбекова, "Періште" балабақшасының қызметкері:

- Ол былтырда да солай кірген. Биыл енді ерекше болып жатыр. Қыста да мына жер мұз болады. Тайғанап, атааналар жүре алмайды. Иіс деген адам төзгісіз, жаман арам судің иісі өздеріңіз білесіздер. Қазір күн жылынды. Далада балаларымыз ойнау керек. Есіктің алдында ойнатуымыз керек. Соған ешқандай жағдай жоқ. Сол үшін бүгін балабақшамыз бала қабылдай алмай қалды.

Сасық судан зәрезап болғандар тек балабақшадағылар емес. Жақын маңдағы тұрғындар да бұл тауқыметті екі жылдан бері тартып келеді. Апта сайын жарылатын құбырдың кесірінен көшеміз құрғамайтын болды деп қапалы. Құдықтардың жабылуын талап етуде.

Нақышбай Әуелов, Алматы облысының тұрғыны:

- Мына боқсідік айына төрт рет ағатын болды. Жөндейміз дейді. Жөндейді, ертеңіне қайта жүгіреміз, шақырамыз. Канализацияны дұрыс жүргізбеген. Пластмасса құбыр. Ары қарай Қалқаман жаққа. Жапсын. Қай жаққа боқ,сідік жібереді, өздері білсін. Дүкенге адам кіре алмай жатыр.

Әкімдіктегілер үнемі қайталанатын жағдайдан хабардар болып шықты. Айтуларынша, көшенің төменгі жағында сорғы бекеті орналасқан. Сонда Теректі ауылынан шыққан кәріз су жиналып көшенің бойымен қалаға қарай ағып өтетін көрінеді. Бірақ сорғы бұзыла беретіндіктен лас су арнасынан тасып, сай саланы басып жатады.

Ескендір Егеубек, Қарасай ауданы ТКШ Жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары:

 - Кешегі күні сағат тоғызда сорғының автоматикасы өшіп қалды. Қазір Алматы қаласы Алматы су мекемесімен бірігіп мамандар жіберіліп, Сорғы стансиясында автоматика қалпына келтіріліп жатыр. Егер де автоматика жүйесі қалпына келтірілмеген жағдайда оның басқа түріне ауыстырамыз.

Атқамінерлер осы жолы жөндеуді сапалы жүргіземіз деп уәде етті. Қарасай ауданына қарайтын сорғы бекетін алдағы уақытта қалаға өткізу жағын да қолға алыпты. Ал бөбекжай толық тазаланбайынша, ата-аналар балаларымен үйде отырады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде