Тараз іргесіндегі көп жыл бойы тау болып үйілген химиялық қалдық жатыр
Жамбылдықтардың жылдар бойы жырлаған жыры халық қалаулыларының құлағына енді жетті. Тараздың іргесіндегі тау болып үйілген химиялық қалдықтардың адам өмірі мен қоршаған ортаға зияндылығы депуттаттарды алаңдата бастады.
Автор: Руслан Әбдіхалықов
28.04.2022
Сенатор Бекболат Орынбеков бұл күрделі мәселені шұғыл шешу керектігін айтып, Үкімет басшысына сауал жолдады.
Бекболат Орынбеков, Сенат депутаты
- Бұл үйінділер Шайқорық, Танты елдімекендеріне жақын орналаусына байланысты адам өміріне және қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіруде. Мәселен, дауылды жел көтерген кезде үйінділерден елдімекендерге қарай шаңды заттар ұшады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, фосфогипс ауыл шаруашылығы мен бақша шаруашылығына үлкен зиян келтіріп отыр.
Жергілікті жұртқа бұл өзекті мәселенің шешімі жоқтай көрінеді. Өйткені ұзақ жылдан бері бұқара базынасын айтып, оған ешкім құлақ аспаған. 14 миллион тоннадан асатын фосфогипс қаладан шығаберісте екі жерде тау болып үйліп жатыр. Жел соқса, химиялық қалдықтар ауаға көтеріліп, қарыс қадам жер көрінбей қалады. Экологияның ластануымен қатар адам ағзасына да зиян келіп жатқаны айтпаса да түсінікті. Бұған алаңдаған сенатор Бекболат Орынбеков бұл маңға фосфогипс төгуді “түбейгейлі тоқтату керек” дейді.
Үкіметтегілердің қандай шешім қабылдары әзірге белгісіз. Ал бұрын қаладан 20 шақырым жерде үшінші үйіндіге арналған орынды әзірлеу бастамасы көтерілген. Бірақ оның құрылысы 2025 жылы бір-ақ аяқталады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!