Көкшетаудың маңында қамысты бес гектар жер өртеніп кетті
Көкшетаудың маңайындағы даланы өрт шарпыды. Қурап тұрған қамыс өртеніп, өрт сөндірушілер бес сағат бойы арпалысқан.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
28.04.2022
Қаланың әр түпкірінен көрінген қара түтін тұрғындарды әбден шошытты. Жанып жатқан қалың қамыс екен. Желдің екпінімен қызыл жалын тез таралып, жан-жаққа жайылған. Құтқарушылар тілсіз жауды әрең ауыздықтады. Тіпті жалын шарпыған аумақ ұлғайып бара жатқан соң, сырттан қосымша көмек шақыруға тура келген. Өрт Қызыл Жұлдыз ауылына жақын жерде тұтанған.
Максим Шатковский, Көкшетау қаласы ТЖБ бастығының орынбасары:
- Қызыл Жұлдыз ауылы маңайында басталған өртті 9 арнайы техникамен 80 адам бес сағат бойы сөндірдік. Ауыл адамдарына төнген қауіп жоқ. Бес гектар жердегі қамыс жанып кетті. Қазір өрттің неден тұтанғаны тексеріліп жатыр. Бүгінгі қатты жел өрттің өршуіне де, оны сөндіруге де кедергі келтірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!