{metadescription}
Семейде бір ғасыр бұрын салынған үйлер құлағалы тұр
Семейде бір ғасыр бұрын салынған үйлер құлағалы тұр

Семейде бір ғасыр бұрын салынған үйлер құлағалы тұр

Бір ғасыр бұрын салынған баспана. Семей іргесіндегі Жоламан кентінің тұрғындары  үйлерін апатты деп тануды талап етуде. Қабырғасы қисайып, іргетасы шөгіп кеткен баспаналар құлап қалуы мүмкін. Қазірдің өзінде кейбір үйдің төбесі опырылып ортасына түсіп жатыр екен.

«Үйінді астында қаламыз ба?» деп үрейленген халық тозығы жеткен тоқалтамдарды сүріп, орнына басқа баспана салып беруді сұрап отыр. 

Жеке секторлы баспаналардың тұрғызылғанына бір ғасыр уақыт  болған. Қазір тозығы жеткен кейбірі құлап жатыр. Үйлердің төбе жабындысы шіріп, қабырғасы қақырап, ірге тасымен қоса жерге еніп кеткен.

Жоламан кентіндегі баспаналар саз балшықтан салынған. Апатты үйдің тұрғындары жанын шүберекке түйіп отыр.  Өйткені олар кез келген сәтте үйіндінің астында қалуы мүмкін. Сондай үреймен күнелткендердің бірі — Нұргүл Мейірманова . Жалғызбасты ана аядай үш бөлмеде бала-шағасымен бірге тұрып жатыр. Бірақ баспана деген аты болмаса, адам тұрғысыз лашыққа айналған. Төбедегі діңгектері шіріп құлай бастаған. Опырылып түспес үшін әр жерден тіреп қоюға мәжбүр.

Нұргүл Мейірманова, Жоламан кентінің тұрғыны:

- Үйімнің төбесі осы жолы түсіп кетті. Көктем кезінде. Тіреуіш тіреп қойдым. Балаларым үшін қорқамын. Әсіресе немерелерім басылып қала ма деп. Кейде осы жерге келіп ойнайды. Басына құласа не болады?

Жоламандағы жыртық үйлердің сыйқы:  бірі құлаған, енді бірі жерге кіріп кеткен. Жұрт ескі үйлерін жазда сылап-сыйпап қояды. Ал жаңа баспана салуға қаражат жоқ. Оның үстіне жертелімдері де тар.

Қайролла Сейітқазин, Жоламан кентінің тұрғыны:

- Көбінде халықтың жұмысы жоқ. Көбі зейнеткер. Оның өзінде зейнетақы аз. Онымен үйін жөндей ме, тамағын ала ма, балашағасын асырай ма?

Қазір апатты жағдайдағы бір үйдің өзінде төрт-бес отбасы тұрып жатыр.  Қараша үйіндінің астында қалып, ажал құшпай тұрғанда атқамінерлер назар аударса екен дейді. Олар жергілікті биліктен тозығы жеткен баспаналарды сүріп, жаңадан үй салып беруді сұрап отыр. Әйтсе де талаптарын тыңдаған мамандар мардымды жауап қатпады.

Олжас Соғымбай, Семей қаласы ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Бүгін, ертең үйлеріңізді ана мекеме жасайды, мынау бұлай болады деп уәде бере алмаймын. Өйткені менің құзыретімде жоқ. Мен осы жердегі елдің мәселелерін тыңдап, ахуалды тұрақтандыруға келдім.

«Шарасызбыз» деп қол қусырған шенеуніктер апатты үйлердің жағдайын «жоғарыға жеткіземіз» дейді. Бірақ әкім-қаралардың қандай шешім шығаратыны әзірге белгісіз. Ал тұрғындар терезесі тізеден аспайтын үйлер қашан құлап қалар екен деп қалтырап отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде