«Фоккер -100»: Ұшақ қанатына мұз қатып, әуеге көтеріле алмаған
Ұшақтың қанатына мұз қатып, әуеге көтеріле алмаған. Екі жарым жылға жуық тексеріс жүргізген халықаралық комиссия «Бек Эйрға» тиесілі «Фоккер -100» лайнерінің апатқа ұшырау себебін ақыры жариялады.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
29.04.2022
Комиссия қайғылы оқиғаға ұшақтың қанатының мұздан тазаланбауы себеп дейді. Тепе-теңдік сақтай алмаған әуе кемесі көкке көтеріле алмай сырғып барып үйге соғылған. Ұшып-қону жолағының тазаланбауы да апатқа әсер етіпті. Бас көлік прокуратурасы тергеу әлі аяқталмағанын жеткізді. Сондықтан апатқа кінәлі адамдарды атауға әлі ерте дейді.
Әуе апатынан кейін Мақсұт пен Айсұлу ұшаққа отыруға жүрексініп қалған. Ерлі-зайыптылар ел ішінде қазір пойызбен қатынап жүр. Себебі: ұшақ құлаған қорқынышты күн жас отбасының көкейінде әлі сайрап тұр.
Мақұст Ғатиат:
- Апатқа дейін мен жылына кемі үштөрт рет Қазақстан ішінде, шетелге ұшып жүргем. Апаттан кейін мүмкіндік болса ұшаққа отырмауға тырысамыз. Іштей қорқыныш бар. Бір жылдан кейін ұмытқан шығармыз деп өзімізді психологиялық тұрғыдан дайындауға тырыстық. Бәрібір өте қиын екен. Жұбайым екеуміз қатты дірілдеп, қатты қорықтық. Ой мазалайды. Қайта сондай қайталана ма деп ...
Мақсұттың әйелі мен кішкентай қызы апаттан түрлі жарақат алған. Оларға өтемақы төленіпті. Ал отағасы медициналық көмектен бас тартқандықтан, оқаржылай көмек көрсетілмепті. 32 жастағы жігіт жолаушыларды бөліп-жармай, барлығына бірдей өтемақы берілу керек деп есептейді.
Мақсұт Ғатиат
- Физикалық жарақат, ол кетеді, емделеді. Ары қарай өмір сүреді. Психологиялық ауыртпашылықпен ары қарай өмір сүру, шешім қабылдау, жоспар жасау қиын. Келешекте емделуге, жақсы мамандарға қаралуға көмегі тиеді деп ойлаймын. Сол бағытта жұмсалатын болса. Жауапты кісілер нақты кінәлі екені дәлелденген болса, заң алдында жауап беруі керек деп ойлаймын.
Жалпы «Фоккер-100» ұшағының құлағанына екі жарым жылға жуықтады. 12 адамның өмірі қиылған қайғылы оқиғаны ұзақ уақыт зерттеп-зерделеген комиссия бүгін ақыры ұшақ апатының нақты себебін атады. Тексеру қорытындысына сәйкес, әуе кемесінің қос қанатына мұз қатып, тепе-теңдікті жоғалтқан. Сосын ұшақтың әуеге көтеріле алмауына ұшып-қону жолағының тазаланбауы да себеп.
Болат Наурызәлиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің департамент директоры:
- Ұшақтың қанаты тазаланбаған. Сосын ұшақ көтеріле алмады. Ұшқыштар көрмеген ғой. Мұз қатқан. Оларды да кінәлауға болмайды. Адам ғой, олар да. Қанаты ауыр болғандықтан ұшу қиын болады.
Бас көлік прокуратурасы тергеу әлі жалғасып жатқанын жеткізді. Құзырлы орган қайғылы оқиғаға кінәлі адамдарды атауға әлі ерте дейді.
Қазір әуе апатына қатысты Ішкі Істер министрлігі тергеу жүргізіп жатыр. Министрліктің тексеруі осы тергеудің бір бөлігі ғана. Жедел-тергеу тобы барлығын тексеріп, ары қарай жұмыс істейді. Осы іске қатысты қосымша сараптамалар тағайындалып, зерттеу жүргізіледі. Тергеудің алдын ала қорытындысы дайын болғанда кінәлі адамдар анықталады.
Ал ұшақ соғылған үйдің иесі баспанасын өзі көшіріп әкеткен. Әуежай маңындағы жерлерді заңсыз сатқан бес экс-шенеунік пен бір риелтор түрлі жаза арқалаған болатын. Әкімдік стратегиялық нысанның жанындағы 14 жер телімін босатуға қатысты сотқа жүгініпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!