{metadescription}
Алматыда «Ырысты» атына заты сай болмай шықты
Алматыда «Ырысты» атына заты сай болмай шықты

Алматыда «Ырысты» атына заты сай болмай шықты

Алматыда жаңа салынған  «Ырысты» тұрғын үй кешені атына заты сай болмай шықты. Тұрғындар былтыр ғана қоныстанған пәтерлерінің сапасы сын көтермейтінін айтып наразы.  

Қабырғадағы сылақ сыпырылып түсіп жатыр. Жаңбырда төбеден су сорғалап  пәтерлерін малмандай қылады. Ашынған жұрт құрылыс компаниясы мен коммуналдық қызметтің табалдырығын талай тоздырғанымен, еш нәтиже шықпаған.

«Ырысты» тұрғын үй кешеніне осыдан екі ай бұрын көшіп келген Серік Байтуринов пәтерінің кем-кетігін көрсетіп жыларман болып отыр. Айтуынша, нағыз әлек жаңбыр жауғанда басталады. Өйткені шұрық-шұрық шатырдан аққан суды шелекпен тосып әбігерге түседі.

Серік Байтуринов, Алматы қаласының тұрғыны:

- Су ағып жатыр. Шелек қойып қоямыз. Залдағы шамның астынан бір шелек кешке дейін толады. Бұл кісілердің бәрі алған үйге өкініп жатыр. Алған кезде ондай бір мәселе айтқан жоқ. Суық су үш жылдан кейін қосылады, ыстық су осылай болады деп. Тек келісім құжаттарын тықпалайды. «Мына жерге қол қойыңыз, бәрі жақсы болады» деп. Қуанып, үй алдық. Енді бәрі өкініп жатыр.

Серік сынды қолындағы бар қаржысына сатып алған 30-дан астам тұрғын да үйіміздің сапасы сын көтермейді деп қынжылады. Төбеден аққан судан сылақ түсіп қабырғасы көгеріп жатыр дейді. Ыстық судың  тоқтағанын екі ай болған.

 Медет Малдыбаев, Алматы қаласының тұрғыны:

- Құрылысшылар өз жұмысын соңына дейін атқарсын. Ыстық су, жылы суды жөндеп, бүткіл мәселесін өздеріне алуы керек. Үйді тапсырған кезде, біз сияқты қарапайып халыққа дұрыс қып тапсырып беру керек.

Тұрғындардың басым бөлігі баспанасының сапасына көңілі толмаса, енді бірі пәтеріне әлі күнге дейін көшіп кіре алмай жүр. Құрылыс компаниясы үйді тапсыру мерзімін ұзарта береді дейді.

Гүлмира Бозжігітова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Мен негізі үшінші үйді таңдап қойғанмын. Бізге былтыр қараша, желтоқсан айларында көшіріп береміз деп уәде берген.  Сәуір айы бітіп жатыр. Әлі күнге дейін қоныстана алмай жүрміз. Жұмыстың бәрін бітіріп беремін деген мердігер ақшаны қалтасына басып қашып кетті деп естідік.

864 пәтері бар тұрғын үй кешенінде алты үйдің тек екеуі былтыр пайдалануға берілген. Енді олар мамыр айына дейін төрт үйді толық бітіріп тұрғындарға кілтін табыстаймыз деп отыр. Құрылыс кезінде олқы кеткенін мердігерлер мойындап отыр. Кем-кетігін жамап бермекші.  Ал ыстық су мәселесі тұрғындар толық қоныстанған соң шешіледі деп сендірді. 

Бағдат Мәнзоров, «Алатау Прогресс» ЖШС директоры:

- Адамдар кірген сайын, пәтер көбейген сайын су ыси береді. Неғұрлым көп қолданса судың айналымы болады. Бәрі жобамен салынған. Сапасы да, бәрі тексерістен өткен. Ұсақтүйек, үлгермеген шаруалар болған. Бірекі пәтердің төбесінде дұрыс жасалмаған жерлер бар екен. Барлық үйден су аққан жоқ. Екі-үш пәтерден аққан. Оны жасадық.

Жауаптылар тұрғындардың талап-арызын ескереміз деп отыр. Үйлер толық  пайдалануға берілгеннен кейін тағы екі жыл құрылыс компаниясы ақауларын жөндеуге міндеттелгенін айтты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

07 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде