{metadescription}
Халық Конституциядағы өзгерістерді құптауы керек – Референдум өткізіледі
Халық Конституциядағы өзгерістерді құптауы керек – Референдум өткізіледі

Халық Конституциядағы өзгерістерді құптауы керек – Референдум өткізіледі

Конституциядағы өзгерістерді халық құптауы керек. Бүгін Қазақстан халқы ассамблеясының отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақсатта референдум өткізілетінін мәлімдеді.

Әзірге мерзімі белгісіз. Ал қолданыстағы заңда жарияланған күннен бастап үш айда өтуге тиіс деп жазылған.

Бастама ел тарихында алтын әріппен жазылады. Қазақстанда 27 жылдан бері халық мемлекеттік маңызы бар мәселені дауысқа салып көрмепті. Тіпті «Республикалық референдум туралы» заң бола тұра, бірде-бір рет тәжірибеде қолданылмаған.

Ақорда, Сенат пен Мәжіліс төрағалары, үкімет басшысы, әкімдер, Достық үйлерінің өкілдері 1- мамыр, Бірлік күні қарсаңында ассамблея сессиясына қатысуға бір терезеге топтаса қалды. Күннің өзекті деген тақырыптары талқыланбай тұрып, бәрі Әнұран шырқады.

2022 жылдың көктемін түрлі реформамен бастаған мемлекет басшысы бүгінгі кездесудің келелі деген мәселелерді жіпке тізді. Соңғы уақытта ел талқылап жатқан Конституциялық реформалардың маңыздылығын бұл жолы да қалыс қалдырмады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айта келе, жалпыхалықтық референдум өткізу туралы ұсыныс жасады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл қолданыстағы заңнамада белгіленген рәсімнің бірі. Алайда алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын.

Президенттің сөзінше, референдум  бұл аса маңызды демократиялық қадам. Қазақстанда ол соңғы рет 1995 жылы тамызда, қолданыстағы Конституция бекітілген кезде өткен. Ал Ата заңымызға содан кейін төрт рет түзету енгізіліпті. Енді негізгі заңның 33-бабы түзетіледі. Бұл бүкіл Конституцияның үштен бірі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Конституцияның бүкілхалықтың дауыс беру арқылы өзгертілуі халықтың еркін білдірудің айқын көрінісі. Референдум әр азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді, жан-жақты демократия мен жаңа Қазақстан құру бағдарымызды нығайтады.

1995 жылы 1-тамызда баспасөзде жаңа Конституция жобасы жарияланыпты. Ал референдумға келген жұрт «Жобасы 1995 жылдың 1-тамызында баспасөзде жарияланған ҚР жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауалға жауап беріпті. 27 жылдан кейінгі референдум да солай өтуі мүмкін.

Ғазиз Әбішев, саясаттанушы:

- 33 сұрақты тізіп қойып, оған жауап алу мүмкін емес. Бұл референдум Конституция қабылданған кездегідей болуы мүмкін. Яғни,«Президент Тоқаев ұсынған түзетулерді қолдайсыз ба?» деген бір сұрақ жарияланады. «иә» және  «жоқ» деген жауап болуға тиіс.

Саясаттанушылардың пікірінше, 1995 жылы халық қандай қоғамда өмір сүргісі келетінін таңдап алды. Заңнамалар партиялық жүйемен сайланған Парламент арқылы бекітілді. Ал бұл жолы бәрі басқаша болмақ. Қазақстан демократиялық жолға жаңадан түсіп жатыр. Бұқараның талап-мүддесі бірінші орынға шығады.

Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:

- Бірінші республикадан екінші республикаға өту –  суперпрезиденттіктен ықпалды парламенті бар президенттікке өту. «Екінші республикадан бірінші республиканың айырмашылығы неде? Ол не үшін жасалып жатыр?» деген халықтың сұранысы, халық талабы негізінде жасалып жатыр. Халық қандай да бір шешімге, сайлаушылар қандай да бір шешімге қосқан үлесін көре алады нақты. Осы өзгерістерді енгізу еліміздегі жаңа Қазақстан құрудың негізгі бағыты ретінде қабылдау керек.

1995  жылы екі бірдей референдум болған. Тура 27 жыл бұрын 29-сәуірде халық президент өкілеттігін 2000-жылға дейін ұзартуға дауыс берді. Ал 30-тамыздагі екінші референдумда жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Қазақстанда «Республикалық референдум туралы» заң күшіне енді. Құжаттың 19-бабында мемлекеттік маңызы бар мәселеге халықтың дауыс беруін өткізу мерзімі айқын көрсетілген. Референдум өткiзу туралы шешiм қабылданған күннен бастап, бiр айдан ерте емес және үш айдан кеш емес мерзiмде ұйымдастырылуға тиіс. Немесе Президент референдум өткiзудiң басқа мерзiмiн тек ерекше жағдайда белгiлеуі мүмкiн.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.