Арт-терапия студиясы онко дертті бүлдіршіндердің өнерін көрсетті
Онкологиялық дертке шалдыққан бүлдіршіндердің шығармашылығы алматылықтарды тәнті қылды. Олар «Театрдың арғы жағында» атты көрмеде еңбектерін паш етті. «Шығармашылық қанатында» арт-терапия студиясы ауыр кеселге душар болғандарды осылай өнер арқылы бес жылдан бері емдеп келеді.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
03.05.2022
Сурия Есентаева, «Ғылыми-медициналық қоғам» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
- Біздің ұйым онкология мен гематологиямен ауыратын балаларды осындай жолмен емдеумен 2017 жылдан бері айналысып келеді. Бұл жоба бойынша емделіп жатқан немесе толық сауығып кеткен бүлдіршіндер театрдағы қойылымдарға қатысады. 2017 жылы екі қойлымнан 3 миллион теңге жиналды. Қаражат қайырымдылыққа аударылып отырады.
«Шығармашылық қанатында» студиясы емдеудің ұзақ кезеңін аяқтаған және арнайы терапиядан өтіп жатқан балалармен жұмыс істейді. Мақсаты – ауыр дертке душар болған бүлдіршіндерді өнер арқылы оңалту.
Көрмеде емделушілердің бес жылдан бері жиналған 150 туындысы көрсетілді. Экспозицияда «Хрусталь құдық», «Музыканың арғы жағында» және «Батыл вакцина» атты үш спектакльге арналған жас авторлардың көркем шығармалары ұсынылды.
Ольга Веселова, жетекші:
- Көрменің атауы «Музыканың арғы жағында» атты қойылымға сілтейді. Қойылымдардың қалай жасалып, неден пайда болғанын көрсететін боламыз. Өйткені бұл туындылар адамды шабыттандырады. Осы көрме арқылы 16 жасқа дейінгі балалардың шығармашылығымен таныстым. Көзқарасы ерекше екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!