Қазақстанға есірткі Ресей поштасымен жеткізіліпті
Ресейден поштамен Қазақстанға синтетикалық есірткі жеткізілген. Омбы қаласынан жөнелтілген сәлем-сауқатты Тараз тұрғыны қабылдап алып, ел аумағына таратқан.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
03.05.2022
Ресейден ұдайы келіп тұрған сәлемдемелерді тараздық азамат пошта бөлімшесінен алып отырған. Есірткі көлік майы құтыларында, түрлі бояуыштар мен кір жуатын ұнтақ қораптарына жасырылған. Ішке жұтып, ышқырға тықпай-ақ заңды түрде қанша есірткінің елге өтіп кеткені белгісіз. Жөнелтушісі Ресейде болғандықтан,бұған көрші елдің тәртіп сақшылары да қосылған. Нәтижесінде арнайы операция Тараз бен Омбы қалаларында қатар жүріп, қылмыстық топ құрықталды. Олардан сатуға дайындап қойған 260 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Оның қара нарықтағы құны 10 миллион долларға жуық.
Асқар Мұхаметқалиев, ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті бастығының міндетін атқарушы:
- Арнайы операция өткен жылдың қазан айынан осы күнге дейін жалғасты. Нәтижесінде қылмыстық топтың 13 мүшесі ұсталды. Олар синтетикалық есірткі әзірлеп, Алматы, Алтай, Ақтөбе, Тараз және Қызылорда қалаларына тартумен айналысқан. Есірткі әзірлейтін 7 зертхана анықталып, есірткінің көзі жойылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!