Картинг: Басынан қатты соққы алған жеткіншек жан тапсырды
Алматы облысындағы бала өліміне қатысты картинг орталығының директоры жауапқа тартылуы мүмкін. Өйткені карт жарыстыратын алаңда қауіпсіздік шарасы сақталмаған. Кеше шағын жарыс көлігінің тізгініне ие бола алмаған 10 жасар бала қоршауды бұзып өтіп, сол аумақта тұрған су таситын көлікке соғылған. Басынан қатты соққы алған жеткіншек оқиға орнында жан тапсырды.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
03.05.2022
Марқұмның туыстары картинг орталығында алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрі қобдишасының болмағанын айтады. Оған қоса арнайы автожолақ жай ғана жеңіл пластмассамен қоршалыпты.
Күні кеше әлеуметтік желіге таралған видео Алматы облысындағы картинг орталығында түсірілген. Куәгерлердің айтуынша, 10 жастағы Георгий тізгіндеген шанағы жоқ машинаны өзге карт көлігі артынан қаққан. Соның екпінімен бала отырған карт пластмасса қоршауды бұзып өтіп, су таситын ГАЗ-53 көлігіне барып соғылады. Басынан қатты соққы алып, көп қан жоғалтқан ойын баласы оқиға орнында жан тапсырған.
Жеткіншекке қорғаныш бас киімі де көмектеспепті. Оның жанында әкесі мен ағасы болған. Марқұмның туыстары картинг алаңынан алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрі қобдишасын таппай қиналғанын айтады. Олар арнайы жолақ бетонмен қоршалмаған деп кейіді.
Қайғылы оқиға болған «Сокол» орталығы жұмысын уақытша тоқтатқан. Күзетшілер «ішке тірі жанды кіргізбеңдер» деген бұйрық алғанын ашық айтты.
Іле ауданында тіркелген бала өліміне қатысты «қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып тергеу басталды. Бұл істе күдікті ретінде «Сокол» кәсіби картинг орталығының директорынан жауап алынып жатыр.
Ернар Сайділдин, Алматы облысы ПД ресми өкілі:
- Қылмыстық іс материалдарына күдікті ретінде картинг орталығының 41 жастағы директоры танылды. Істің мән-жайын анықтау үшін бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық іс департаменттің тергеу басқармасына қабылданып, бақылауға алынды.
Картинг орталығында қазір тексеріс басталды. Оның 41 жастағы басшысы әзірге қамауға алынған жоқ. Бірақ ол шақырылған кезде тергеуге келуге міндеттелді. Ашық деректерге сүйенсек, 10 жастағы бала мерт болған орталық миллиардер Әліжан Ибрагимовке тиесілі болған. Форбс тізімінен түспейтін олигархтың қазасынан кейін бұл табысты бизнес бауырларына өтіпті. Жалпы шанағы жоқ карт көлігінің жылдамдығы сағатына 100 шақырымға дейін жетеді. Сондықтан картингпен кәмелетке толмаған балалардың айналысуы өте қауіпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!