Кеден басшылары прокурордың қалтасын қампайтып отырған
Кеден бекетінің басшылары прокурордың қалтасын қампайтып отырған. Қызметін пайдаланған лауазымды тұлға ақпарат жүйесінде импорттаушылар туралы мәліметті заңсыз өзгертіпті. Сол қызметіне прокурор 50 мың доллар ауызбастырық алған. Өз қызметкері мен кедендегі осындай былықтарды бүгін Бас прокуратура жария етті.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
03.05.2022
Дархан Дүйсембай, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:
- Ақпарат жүйелерінде мәліметті заңсыз өзгертуден тоғыз импорттаушы бюджетке 143 миллион теңге шығын келтірген. Бұл іске Алматы мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің қатысы бар. Nur Joly кеден бекетінің басшысы мен оның орынбасары прокурорға 50 мың доллар көлемінде, ал Cargo Management операторының өкілі 30 мың доллар көлемінде пара берген.
Бас прокуратура қылмыс жасағандарды антикормен бірігіп, ұстаған. Жалпы шекарада кедендік төлемдерден жалтару және тауарларды жалған декларациялау фактілері жетіп артылады. Соның салдарынан мемлекетке 165 миллиард теңге залал келтірілген. Қытаймен арадағы кеден бекеттерінің өзінен жалған құжат жасаудың 367 дерегі тіркеліпті.
Бас прокуратура мәліметіне сүйенсек, уәкілетті экономикалық операторлар кәсіпкерлердің салықтан жалтаруына соңғы екі жылда 221 миллиард теңгеге жалған шот-фактура жасап берген. Тексеріс жүргізілген бір айда жалпы құны 800 миллион теңге контрабанданың 16 дерегі анықталған. Атап айтқанда, 27 қаңтарда
«Нұр жолы» кеден бекетінің қызметкері "Берекет Логистик" компаниясына тиесілі декларацияланбаған тауардың салмағын заңсыз азайтып, оны 337 келі деп көрсетіпті. Ал шын мәнінде 65 есе көп екен. Яғни кеденнен 22 тонна тауар өткізілген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!