Ата заңнан өлім жазасы туралы бап алынады
Жалпыхалықтық референдумнан кейін өлім жазасы туралы бап Ата заңнан алынады. Ол өмір бақи бас бостандығынан айыру үкіміне алмастырылуы мүмкін. Президент Жарлығымен Қазақстан 2021 жылы өлім жазасынан бас тартқан.
Автор: Әзиза Төленби
03.05.2022
Десе де кейбір ауыр қылмыстар үшін сақталып қалып еді. Сарапшылар қылмыс деңгейіне қарамастан, өлім жазасынан құтылу қажет деп санайды.
Ләззат Нұрқатова, әлеуметтанушы:
- Бұл бастаманы салық төлеушілер қолдамауы мүмкін. Қылмыскерді өмір бақи асырау, оған қызмет көрсететін қызметкерлердің айлығын төлеу қанша жылға жалғасатынын ешкім білмейді. Дегенмен түзету колонияларының мақсаты – адам өлтіру емес. Оның қатесін түзетуге, мойындауға мүмкіндік беру. Ешкім біреудің өмірін тоқтатуға құқы жоқ.
Қазір Қазақстанда 100-ге тарта адам өте ауыр қылмыс жасап, жазасын өтеп жатыр. Олар террористік шабуыл, әскери қылмысы үшін сотталғандар. Енді жалпыхалықтың референдумнан кейін еліміз өлім жазасынан түбегейлі бас тартуы мүмкін. Демек ауыр қылмыс жасағандар өмірін темір тордың ар жағында өткізеді. Бұл ретте халықтың өзі таңдау жасағаны дұрыс деп есептейді мамандар. Әзірге жалпыхалықтық референдумның қандай форматта болатыны белгісіз. Ол өңірлерде түсіндіру жұмысының нәтижесінде айқындалуы тиіс. Саясаттанушылар 27 жылдан кейін болатын ауқымды саяси шарадан әр азаматты шет қалмауға шақырды.
Бауыржан Серікбаев, саясаттанушы:
- Референдум, бірінші кезекте, жақсылап түсіндірме жұмысын жүргізу керек. Енді бюллетень қандай форматта толтырылатынын алдағы уақытта талқылайды. Меніңше «келісемін» немесе «келіспеймін» деген форматта екі нұсқа болатын шығар. Бірақ оны таңдамастан бұрын, халықымыз алдымен 33 баптың қандай бағыты өзгеретінін толық түсініп, өзі талқылап, әрбір азамат көңілінен өткізіп, толық түсіну керек деп есептеймін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!